©
16 маусым күні «Хабар» арнасындағы «Bilim» ток-шоуында 12 жылдық білім беру жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері талқыға түсті. Біздің елдегі мектептерде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу басталып кетті. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2019 жылға қарай бұл әлемдік тәжірибе елдің барлық оқу орындарына енгізіледі. 6 жастан мектеп табалдырығын аттау қалай болады? 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу не береді? Бұл жаңалық бірінші болып кімдерге қатысты, маңызы мен мәні не? Осы және басқа да өзекті мәселелерді «Bilim» бағдарламасының қонақтары мен сарапшылар талқылады.
Айталық, елдегі барлық алты жасқа толған балалар үшін нөлінші сынып міндеттелді делік. Статистика бойынша өткен жылы қазақстандық алты жасарлардың 85,6% пайызы мектепке дейінгі білім орындарында білім алған. Ал қалған құрдастары сабаққа тек 7 жасқа толғанда ғана келді. Бұған дейін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдегеніндей, жаңа жүйеге көшудің негізгі мақсаты – балаларды оқытуды мектепте ерте бастап, осының есебінен жоғары оқу орындарына барғанда жалпы білім беретін курстар көлемін азайту.
Қазіргі кезде 12 жылдық жүйемен 126 елдің балалары оқып жатыр. Бұл – барлық мемлекеттердің шамамен 60 пайызын құрайды. Бүгінде 6 жастан оқытуды тек Америка құрама штаттары мен Еуроодақта ғана емес бұрынғы кеңестік одақ елдерінде де қолға алынған. 11 жылдық білім беру жүйесінен Беларусь, Тәжікстан мен Армения бас тартты. Ал Балтық жағалауы елдері 12 жылдық білім беру жүйесіне Кеңестер одағында-ақ көше бастаған болатын. Ендігі кезек Қазақстандікі. Алайда кез-келген жаңалық дау тудыратыны жасырын емес.
Әсіресе бірқатар білім беру мекемелерінде қолданылып жүрген тесттердің күрделілігі күмән туғызады. Ол сұрақтарға тіпті ересектер, бағдарламаға қатысып отырған жоғары білімді мамандар да жауап бере алмады. «Аз-аздан оқысын, бірақ сапалы білім алсын»,–деді бағдарламаға қатысқан Астаналық балабақшаның құрылтайшысы Саймал Айтхожина. Оның пікірінше, барлығын бір қалыпқа салып қоюға болмайды. Таңдау құқығы болуы керек. Біреулер 6 жастан бастап оқи алады. Ал екіншілеріне мектеп табалдырығын аттауды екінші жылға қалдырған жөн.
Күмән келтірушілердің бірі – заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов студия қонақтарына бала құқығы туралы халықаралық конвенция бар екенін еске салды. Ол конвенцияны біздің ел де ратификациялаған.
Профессор 12 жылдық жүйені енгізу – конвенцияның бірқатар ережелеріне қайшы келетінін айтты. Тым болмаса басқа да факторларды назарға алуымыз керек. Мысалы Қазақстанның өзіне тән климатын ескеру керек. - «Өздерінен үлкен сөмке көтеріп мектепке кетіп бара жатқан балаларға қараңыздар. Ал бұған қыстағы 40 градус суықта, таңғы 8-де аяз сынбаған уақытта мектепке бару керектігін қосыңыз. Тіпті ересек қызметкерлердің өзі мекемеге жұмысқа 9-да барады»,-деді профессор Марат Башимов. Бұл ретте психолог Анна Минакованың пікірі де қызықты еді.
Сарапшы 6 жастағы бала ақпаратты жақсы қабылдайтынын растады. Алайда барлығы бірдей емес. Физилогиялық ерекшеліктерін де еске алмауға болмайды. Америка мектептеріндегі бірінші сыныпқа баратын балалар «миннесот тестінен» өтетіні бекер емес. Ол сынақ бойынша бала қолын төбесінен асырып әкеп, келесі беттегі құлағын ұстай алу керек. Осы арқылы болашақ оқушының дене бітімі өз жасына лайық дамыған немесе дамымағанын білуге болады. Яғни сабақ үстінде бала басын тік ұстап отыра алуға қабілетті ме деген сұраққа жауап ала алады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ департаментінің директоры Елдос Нұрланов жаңа жүйеге қарсылық білдіргендердің барлығының қарсы пікірлерін өте сыпайы түрде тойтарып отырды. Маман КСРО кезінде 1980 жылдары он бір жылдық білім беру жүйесіне көшкенімізді еске салды. Тіпті ыңғайға тез көне қоймайтын кеңестік жүйенің өзі білім беру саласын әлемдік стандарттарға сай етуге тырысқанын айтып өтті. Елдос Нұрланов ток-шоуға қатысушыларға дәл осы 6 жаста баланың миы ақпаратты тез қабылдайтынын, себебі осы жаста бала миында синапстар саны көп болатынын айтады. (өкінішке орай, өскен сайын ол азая бермек). Сондықтан бұл жастағы білім бала миына өшпестей жатталып қалады.
Бірінші сыныпқа алты жастағы балаларды қанатқақты жоба ретінде қабылдаған Астаналық №30 мектеп-гимназиясы жайлы түсірілген шағын сюжет бұл жаңа әдістің тиімді екендігін дәлелдегендей болды. Алты жастағы балалар сабақтары жайлы қуана-қуана әңгімелеп берді. Видеодан балалардың үйдегідей емін-еркін жүргенін көруге болады. Балаларды қабылдаған кезде ешқандай іріктеу де өтпеген. Тұрғылықты мекен-жайлары бойынша, тест, сынақ тапсырмастан қабылданған.
Сабақ беру әдісінің өзгеруіне байланысты өз пікірін Астана қаласындағы №69 мектеп-гимназияның нөлінші сынып оқытушысы Раушан Бапишева да айтып қалды. «Сабақтың өзі ғана емес сабақ берудің әдісі де өзгерген. Бұның бұған дейін өткізіліп келген стандартты сабақтардан айырмашылығы зор. Сабақтың негізгі мақсаты – дағды қалыптастыру. Сондықтан да сабақ шығаршылық рухта, белсенді түрде өтеді. Бұдан 6 жастағы балаға түсетін ауырлық көрмедім. Мен бұны тек ұстаз ғана емес, ана ретінде де айтып отырмын»,-деді Раушан Бапишева.
«Өзгерістің көп екені рас. 6 жастағы баланың оқулығына көз жүгіртіп, таң қалғанымды жасыра алмадым. Мұндағы әдіс мүлде басқаша. Көне, қатып қалған қасаң әдістен мүлде өзгеше. Мысалы зияткерлік қабілеттін дамытуға, IQ деңгейін көтеруге арналған тесттерді мен университет бітірген соң, 26 жасқа келгенде бірінші рет көрген едім. Біздің балаларымызға интелект дегенді 6 жастан бастап сіңіріп жатқаны тамаша емес пе?»,–деді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майра Тайкенова 12 жылдық білім беру жүйесі туралы өз пікірін білдірген кезде.
Дегенмен біздің министрлікте жұмыс істейтін мамандардың мектеп табалдырығын аттаған, аттайтын балалары, немерелері бар екендігі көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа білім беру үдерістерін қалыптастыру барысында олар өз тәжірибелерін де еске алып отырады. Ток-шоу қорытындысына келер болсақ, қонақтар мен сарапшылар пікірі бір арнаға тоғысты. Атап айтқанда халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, мәселеге сауатты тұрғыдан келетін болса – 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу балалар үшін де ұстаздар үшін де қорқатын қадам емес. Бірінші сынып немесе нөлінші сынып болсын, бала 6 жастан оқи ма, әлде мектепке 7 жастан бара ма бастауыш мектептің басты талабы - кәсібилік, мейірім, мұғалім тапанынан моральдік қолдау болмағы айқын.
ҚР Білім және Ғылым министрлігі