©
Астана «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне 9 маусым мен 3 шілде аралығында Жаңаөзен қаласы білім бөліміне қарасты 22 мектептен барлығы 470 оқушы барады деп жоспарлануда. Маусымның 9-17 аралығында барлығы 293 адам көрмеге аттанса, 23 маусымнан 3 шілдеге дейін 202 адам жолға шықпақ. Бүгінде алғашқы лекпен аттанған экспошыларымыз қалаға оралып та үлгерді. Үзімгүл МЫСАЕВА, №4 орта мектептің әлеуметтік педагогы, тарихшы: - 13 маусымда Астанаға аттандық. Елордаға 15-і күні жеттік. Қалада 3 күн болдық. Дәл осындай ауқымды жоба біздің елімізде болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Жаңаөзен қаласынан алғашқы сапарымызда жалпы саны 94 баланы алып кеттік. Астанаға түскен бойда арнайы ұйымдастыру командасы күтіп алып, Астана гуманитарлық колледжінің жатақханасына орналастырды. Балаларды топтарға бөліп, әр топқа бір-бірден жолбасшы- тәлімгер бекітті. ЭКСПО қалашығына барған сәттегі балалардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Басқа әлемге саяхат жасап келгендей әсер алдық. Әр елдің павильоны - өзгеше бір әлем. Мексика - исі бұрқыраған кофесімен, Үндістан - алуан түрлі маталарымен, Корея - озық технологияларымен есте қалды. Келесі күні қалаға экскурсия барысында Бәйтерек, Хан-Шатыр, «Думан» ойын-сауық орталығына барып, Ұлттық музейді араладық. Балалар көңілді демалыспен қатар дүниетанымдарын кеңейтіп, білімдерін шыңдап, әлем жаңалықтарымен танысты, жаңа достар тапты. Мұндай тарихи сәтті көрген де бар, көрмеген де бар. Ең бастысы - балалар дән риза. Осындай мүмкіндік туғызған, ЭКСПО көрмесін тамашалап, тарихи сәттің куәгері болуға жағдай жасаған Жаңаөзен қалалық әкімдігіне, қалалық білім бөліміне айтар алғысымыз шексіз.Жаңаөзен-Ақпарат