©
Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін көруге Маңғыстаудан жиналған жолаушы үшін «Тұлпар –Талго» пойызы қызмет көрсете бастағанын айтқан болатынбыз. Маусым айының бірінен іске қосылған жаңа пойыз өзінің алтыншы сапарын жасауда. Араға 3 күн салып жүретін Маңғышлақ –Астана - «Нұрлы жол» бағытындағы №227/228 жүйрік пойызы тек «ЭКСПО» көрмесі үшін арнайы шығарылғандығы белгілі. Аталмыш пойызда 16 маусым күні Астана- «Нұрлы жол» - Маңғышлақ бағытында қатынаған жолаушы, маңғыстаулық студент Гүлшаттың айтуынша бұл пойызға жолаушылар әлі үйренісе алмай жатырған сияқты. 22 тіркемеден тұратын вагондардың көбісі бос келіп, әр вагонда 4-5 адам шамасында жолаушылар болған. Вагон жайлылығы мен қызмет сапасына студент дән риза. Жайлы төсек, таза купе, арнайы сүлгілер мен жуынатын сусабын, бәрі лезде жаңартылып тұрады екен. Газет, журналдар мен арнайы тальго жолаушыларына арналған браузер http://vputi.kz сайтына өту арқылы жол бойы тегін әуендер тыңдап, кино көріп жол қысқартасыз. Арнайы ыстық және суық су алып ішуге арналған диспенсер мен бір реттік қолданылатын стақандар да қойылған. Егер Астанаға көрмені көру үшін жол тартар болсаңыз, ұшақпен көп ақшаңызды шығындамай 14449 теңгеге купеге, 22803 теңгеге люкс орындарға билет ала аласыз. Бұрын Астана бағытына күн салып жүре отыра 2 күн асырып жететін болса, «Тұлпар –Тальго» жүйрік пойызы арқылы 1 тәулік 9 сағат 54 минутта жетуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар тек «ЭКСПО -2017» көрмесі кезінде бұл бағыттағы пойыздың жүретіні ескертілгенін ұмытпаңыз. Нақтырақ айтқанда қыркүйек айының ортасына дейін ғана қатынауы мүмкін.Милана ЕЛЕУСІНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="29316,29317,29318,29319,29320,29324,29327,29329"]