©
2017 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша облыстағы жұмыспен қамту орталықтары арқылы 2 290 жас жұмысқа орналасқан. Ал, облыс бойынша 4 667 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 2 096-сы – жастар. Мәселен, 2016 жылы 5 331 жас жұмысқа орналасқан болса, тіркелген жұмыссыз жастар саны 1 592 жасты құраған.
«Жастар саясаты мәселелері басқармасы жұмысының басты бағыттарының бірі – жастар жұмыссыздығын азайту. Мұнайлы өңір болғандықтан жастардың көпшілігі мұнайшы болғысы келеді. Бірақ еңбек нарығында қызмет көрсету саласы мен жұмысшы мамандықтарға сұраныс көп. Осы ретте жастарға кәсіби бағдар беруге көңіл бөлінуде. Құрылысшы, тас қалаушы, дәнекерлеуші, сылақшы сияқты мамандықтар аса қажет және мұндай мамандықтарға тегін оқытылады», – дейді Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Жастар жұмыссыздығын төмендету «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары, «Жаңа серпін» орталықтары арқылы жүзеге асырылуда.
«2017 жылдың жартыжылдығында «Жаңа серпін» орталығы арқылы 104 адам оқытылған, оның 91-і жастар. Нәтижесінде, облыс бойынша 203 адам жұмысқа орналасты», – деп атап өтті Аманғали Сүлейменұлы баспасөз жиынында.
Ал, өз кәсібін ашамын деушілер үшін жастар саясаты басқармасы пилоттық жобаны қолға алып отыр. А.Нұрдәулетовтың айтуынша, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы ауылдық жерлердегі жастарды жұмыспен қамту және өз-өзін жұмыспен қамту мақсатында 500 мың теңгеге дейін қайтарымсыз несие берілмек.
P.S. Маңғыстау облысы тұрғындарының 26%-ын жастар құрайды. Өлкемізде 14 пен 29 жас аралығындағы 162 597 жас тұрады. Олардың 74 180-і қалада, ал 88 417-ы ауылдық жерлерде тұрады.