Ташкентте спорттық және жауынгерлік самбодан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеден маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті 52 келі салмақта Нұркен Домбаев қола медальға қол жеткізіп, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Қуанышты жаңалықпен балуанды жарысқа дайындаған белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев пен Ерлан Серіков бөлісті.
Жалпы Азия біріншілігіне он мемлекеттен 300-ге жуық балуан қатысты. Төрт күнге созылған жарыстың қорытындысында ел қоржыны 23 алтын, 15 күміс және 24 қола медальдармен толықты.
- Азия чемпионаты 29 маусым мен 2 шілде аралығында Ташкентте өтті. Жарысқа Маңғыстаудан екі спортшыны апардық. Нұркен Домбаев-үмітімізді ақтап, жүлдегер атанды. Өкінішке орай, балуанымыз Елнұр Қоянбай бесінші орыннан көрінді. Енді 5-8 шілде аралығында Астана қаласында самбодан Елбасы жүлдесіне арналған әлем кубогі өтеді. Оған балуандарымыз Нұркен Домбаев, Руслан Сариев, Айболат Мұратұлы қатысады деп күтілуде. Спортшыларымыздың осындай үлкен жарыстарға қатысуына жағдай жасап, қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына, облыстық самбо федерациясына және облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына алғыс айтамыз,-дейді облыстың самбодан аға бапкері Ерлан Серіков.
Венера МИРЛАН