©
ҚР Тұңғыш президенті жүлдесі үшін қазақ күресінен VII республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің шешуші кезеңі өтті. Сайыс қорытындысында 22 жастағы қызылордалық Еламан Ерғалиевке «Қазақстан барысы – 2017» айбынды атағы бұйырды. Лақап аты – «Әскер барысы». Финалдық жекпе-жек Еламан мен турнирдің ең алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұловтың арасында өтті. Бағы мен бабы қатар шапқан Әскер барысы басымдығын танытып, жеңімпаз титулына қол жеткізді. Күміс жүлде – Ұлан Рысқұловтың еншісіне тисе, үшінші сатыға – Айбек Нұғымаров тұрақтады. Чемпионға 25 000 000 теңге сыйақы тағайындалды, ал бапкеріне 3 500 000 теңге қаржы табысталды. Екінші орын иегеріне 5 500 000 теңге және бапкеріне 1 800 000 теңге берілді. Үшінші орын иегері 1 800 000 теңге, бапкері 900 000 теңгені қанжығалады.