Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Ақназар Қажымұрат Гарвард университетінде білім алу грантына ие болды. Ол топологияны әлемдік деңгейде зерттеуді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық вундеркиндтің АҚШ-тағы атақы Гарвард университетіне түскен жолы физика мен математикадан ұйымдастырылған әлемдік беделді олимпиадалардағы жеңісінен басталды. Ақназар халықаралық емтихандарда таңқалаларлық нәтиже көрсетті. ACT мен SAT Subject Tests, ең жоғарғы – 36 дан 36 және 2400 ден 2400 ұпай алды. Гарвард университетінің сайтындағы ақпарат бойынша, оқуға түскендердің төрттен бір бөлігі ACT-дан 33 балл алса, қалған 75%-ы 35 ұпай жинаған.
"Аспирантураны аяқтаған соң Қазақстанда ғылыммен айналысамын", – деп отыр Ақназар Қажымұрат.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» форумында ол өзінің зерттеу жұмыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған еді. Сол кезде Президент Ақназарға батасын беріп, Гарвардқа түсетініне сендірген болатын.