Былтыр облыстық қан орталығына 8649 адам келіп, қан тапсыруға ниет білдірген. Қазіргі таңда облыста қан қоры жеткілікті. Бұл туралы Маңғыстау облысы қан орталығындағы қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Гүлнафис Кунашева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Дәрігерлер әрбір донор туралы толық ақпарат білуі тиіс. Қан тапсыру – адам ағзасына пайдалы. Сондықтан қан бер де – жан бітір деген бастаманы құптайтындар көп болса деген тілегіміз бар. Бүгінде облыс бойынша қан қоры жеткілікті. Барлық мекемелерді қажетті қанмен қамтамасыз етіп отырмыз. Өңірдегі жалғыз қан орталығы емдеу-сауықтыру мекемелерінің сұраныстарын толық қамтамасыз етуде. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ерікті донорлар саны азайып кетті», - деді Гүлнафис Кунашева.
Дәрігерлердің айтуынша, донорлық арқылы жүрек пен қан тарату тамырлары, иммундық және тамақ қорыту жүйелері, ұйқы безі және тағы да басқа ағзалары тиімді жұмыс жасайды, денсаулығын жақсартады. Сонымен қатар қан жоғалту иммунитетті түсірмейді, керісінше жаттықтырады, зат алмасуын күшейтеді және ағзаның жұмысын жақсартады. Сонымен қатар донорлық қан тапсыру процедурасы арқылы ақысыз түрде зертханалық талдау жасауға мүмкіндік бар. АИТВ, мерез, гепатиттің түрлері, гемоглобин көрсеткішін, эритроцит, лейкоцит және де қан тобы мен резус тәуелділікті анықтауға болады.
Ақтау қаласының тұрғыны Мақсат Бекмұратов осымен үшінші рет қан тапсырып отыр. Ол донорлық қан тапсыруды азаматтық парызым деп есептейді.
«Осымен үшінші рет келіп, қан тапсырып отырмын. Анам дәрігер, ал әпкем терапевт болып жұмыс істейді. Олардың айтуынша, егер адам жиі қан тапсырып тұрса қан қысымы жоғарыламайды және көптеген аурудың алдын алуға көмектеседі. Мен тапсырған қан біреуге пайдасы тиеді деп үміттенемін. Алдағы уақытта тағы да қан тапсыратыныма сенімдімін», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Мақсат Бекмұратов.
Айта кетейік, қан тапсыруға ниет білдіргендер Ақтау қаласы 34а ш/а облыстық қан орталығына барады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА