Әлемде Халықаралық медбикелер күні жыл сайын 12 мамырда атап өтіледі. Биыл Ақтауда медколледждің 325 түлегі медбике мамандығын алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров науқастарды емдеуде, оларды ауруынан айықтыруда медбикелердің еңбегі зор екенін айтты.
- Медбике ісі – ең жауапты, қиын да қарапайым әрі адалдықты қажет ететін жұмыс. Олар сырқатына ем, дертіне дауа іздеген талай жанның көңіліне демеу бола білген, күндіз-түні адам жанының арашашысы болып жүрген ізгі мамандық иелері , - дейді Аманбек Жұмыров.
Оның айтуынша, бүгінде өңірде 29 мемлекеттік және 22 жекеменшік медициналық ұйым жұмыс істейді. Оларда 5,5 мыңнан астам орта медицина қызметкерлері еңбек етіп жатыр.
Медбикелерді үш медициналық колледж дайындайды: Ақтау қаласының медициналық колледжі; "Мейірбике" және Маңғыстау облыстық медициналық колледжі. Оқу орындарында 1615 студент оқиды, оның 325-і биыл медбике мамандығын алып шығады.
Аманбек Жұмыров мереке иелеріне құтты болсын айтып, табысты қызмет тіледі.