Ақтауда тарих пәні мұғалімдерінің «Білім беру ұйымдарындағы тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» атты форумы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімідігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева, мемлекеттік органдардың басшылары, тарих пәні мұғалімдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жасампаз болашақты құру үшін тарихты зерделеудің маңызды екенін айтты.
– Халқымыздың тарихы бай. Өткеннің тағылымын ескермей, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Тарихтың құндылығы – бүгінгі жастарымыз басшылыққа алатын бабалар тағылымында, дана өсиеттерінде. Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиғалар мен фактілерді жас ұрпаққа бұрмаламай жеткізу керектігін бірнеше рет атап өтті. Осы орайда халқымыздың өткені мен бүгінін дұрыс бағалауда білікті де білімді тарихшылардың рөлі зор болмақ, – деді Нұрлан Ноғаев.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 900-ге жуық тарих пәнінің мұғалімі еңбек етсе, оның 30-ы колледждерде, қалғаны жалпы білім беру мекемелерінде сабақ береді.
Форум аясында мектепте тарих пәнін оқыту әдістемесіндегі жаңалықтар, пәндік олимпиадалар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу жолдары, жоғары оқу орындары мен колледждерде тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.