Парижде 23-25 сәуір күндері «JJIF GRAND SLAM PARIS OPEN» турнирі өтті. Халықаралық жарыста маңғыстаулық спортшылар үш қола медальді қанжығалады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ҚКО сілтеме жасап.
Джиу-джитсудың неваза-систем бөлімі бойынша 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Гаухар Жанабергенова мен Дана Бектурова үшінші орын, фатинг-систем бойынша 62 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Жәнібек Әбу-Бәкір қола жүлдегер атанды.
Жарыста 23 мемлекеттен келген 250-ге жуық спортшы бақ сынады.
- Жарыс өте жоғары деңгейде болды. Қарсыластарым мықты болды. Алғашқы қарсыласым - Австрия спортшысы. Одан басым түсіп, кейін Дания мен Италия мемлекетінің спортшыларын да жеңдім. Бірақ Франция мемлекетінің спортшысына есе жібердім. Франциялық спортшымен тең түсіп, ескерту алып жеңілдім. Ал қола медаль үшін бәсекеде Германия мемлекетінің спортшысын жеңдім, - деді спортшы Жәнібек Әбу-Бәкір.
Оның айтуынша, 7-17 шілде аралығында АҚШ, Алабама штатының Бирмингем қаласында ХI дүниежүзілік ойыны өтеді. Төрт жылда бір рет өтетін ең ірі халықаралық кешенді спорттық жарыстан алтын алуға дайындық жүргізеді. Тағы бір мақсаты - жыл соңында БАӘ-нің Абу-Даби қаласында өтетін джиу-джитсудан Әлем чемпионы атағын алу.