Әлем жұртының 80 пайызы латын әліпбиінде жазады. Түркі тілдес елдердің барлығы сол әліпбиді қолданады. Бұрынғы Кеңес одағынан бөлініп шыққан түрікмен, өзбек ағайындар да әлдеқашан латынға өтіп алған. 6-7 жылдан бері біздің елімізде де осы мәселе жиі қозғалып, латын қарпімен жазар болсақ, өзге тілдерді тез үйрену мүмкіндігінің артатыны, жаңа технология шарықтаған цифрландыру дәуірінде мұның аса қажеттігі жиі айтылатын. Енді, міне, бұйырса, оған жететін күн де алыс емес.
Қазақ тілі үшін әліпби ауыстырудың мақсаты – графикалық жүйені жай ауыстыра салу ғана емес, ұлттық жазуды түбегейлі реформалау. Ол, біріншіден, латын жазуына негізделген заманауи ұлттық әліпбиді, екіншіден, жаңа жасампаз емле ережелерін–жазудың бірыңғай ұлттық стандарты негізінде байырғы қазақ және кірме сөздердің орфографиясын, үшіншіден, кірме сөздерді игерудің дәстүрлі жолдарын қайта жаңғырту мен жаңарту негізінде оларды жазуға бейімдеудің жаңа тетіктерін дайындау және жасау арқылы жүзеге асырылатыны белгілі.
2017 жылғы 26 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойып, бүгінде латын әліпбиіне көшу шаралары кезең-кезеңімен, үздіксіз жүріп жатыр. Жаңа әліпбиге көшудің бірнеше кезеңге бөлінуі мұның аса маңызды да күрделі процесс екендігінде. Латыннегізді әліпби нұсқасы 2025 жылға дейін бірнеше мәрте өзгеруі мүмкін екендігі әу бастан айтылып келеді. Әліпбидің қашан толыққанды қалыптасып кеткенінше өзгеріске ұшырап тұруы—жазуын ауыстырған елдердің барлығына тән жайт. Латынға көшуді 20-25 жыл бұрын бастаған Өзбекстанда әліпби 2 рет өзгерді. Тағы да өзгеруі мүмкін екендігі айтылып жүр. Мысалы, біз 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде жазыппыз. 1940 жылы кирилицаға көше бастағанымызбен, үкімет кирилицаны 1957 жылы ғана бекітіпті. Сонда 17 жыл бойы әбден зерттеліп, өзгеретіні өзгеріп, тіліміз жақсылап бұратылып барып бекітілген екен ғой. Кейбір мамандардың айтуынша, сол заманға сай ұстанылған саясат бойынша қазақ тіліне тән ұ,ң, ғ сияқты әріптерді алып тастауға байланысты тартыстар да болыпты. Алайда ұлтжанды азаматтарымыздың табандылығы арқасында ғана осы күнгі әліпбиді сақтап қалу мүмкін болған көрінеді.
Өзгеріс демекші, өткен жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет және спорт министріне латын әліпбиін жетілдіру бойынша тапсырма бергені баршаға белгілі. Әлеуметтік желіні белсенді қолданатын Президент әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтағанын, алайда қарпімізде әлі де олқылықтар бар екендігін және тіл мамандарының жаңа әліпбиді жетілдіруі керектігін айтып, алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын қаперге берген болатын. Ал министр Ақтоты Райымқұлова басқаратын үкімет жанындағы латын графикасын іске асыру жөніндегі ұлттық кеңестің құрамында орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық жұмыс топтары бар.
Өткен жылғы 19 желтоқсанда Sputnik Қазақстан тілшісі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова латын графикасындағы қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын әзірлеу жұмыстары жайлы айтқанын хабарлаған-ды. Министрдің мәліметінше, қазіргі кезде орфографиялық топтың отырыстары 7-10 күнде бір рет өтіп тұрады. Сол жерде латын графикасындағы қазақ тілінің әрбір нұсқасы егжей-тегжейлі қаралады.
-Қазір 10-нан астам нұсқа қаралды. Мұның барлығы—жобалар. Бұдан басқа жобалар да бар. Осы көптеген жобаның ішінде жақсы ұсыныстар болатын шығар. Бірақ мамандар халықаралық тәжірибені ескере отырып, бәрін ғылыми тұрғыда қарап жатыр. Біз соның негізінде бір ұсыныс жасаймыз-деген еді А.Райымқұлова осы сайттың тілшісіне берген сұхбатында.
Демек, Президенттің тапсырмасы бойынша әлі де түсуі мүмкін барлық нұсқалар арасынан ең оңтайлысын табу керек. Соның өзін қоғам болып талқылап, оның заманауи техникалық қолдану жағы да ескерілуі тиіс. Өйткені, қазір жоба ұсынып отырған мамандардың да әрқайсысының орынды уәжі бар. Олардың бірі соңғы қабылданған латын әліпбиінде «ц» әрпінің жоқ екенін, оны жасаушылардың қазақ тілінде бұл дыбыстың мүлдем болмағанын алға тартатынын айтады. Бұған қарсы пікір айтушылар «ц» әрпі бар, мәселен, полиция, цирк, доцент секілді сөздер орыс тілі арқылы біздің тілімізге түбегейлі еніп кеткендіктен мұны бүгінгі қазақ тілінен алып тастау мүмкін еместігін айтып, «ц» дыбысы әліпбиімізде болуы тиіс және оны «с» қарпімен жазу қажет деп отыр.
Маңғыстаулық педагог Қуантқан Ванов та өз нұсқасын ұсынған. Қазір жобасына өзгерістер енгізуде. Қуантқан ағайдың көңіліне қонбайтыны— умлаут, яғни әріптің үстіңгі жағындағы ноқаттар. Жерлесіміздің нұсқасындағы кейбір таңбалар ұсынылып жүрген басқа жобалардан ерекше.
-Мен ұсынып отырған қаріп таңбаларының өзгеше екені рас. Үйреншікті қаріптерге ұқсамайды, бірақ қазір сандық технологияның заманы емес пе? Бұрын болмаған таңба болса, жасап алуға мүмкіндік бар. Тек ниет болса, бәрі де мүмкін,-дейді Қ.Ванов.
Айта берсек, ұсынылып жатқан нұсқалардың барлығы өзінше дұрыс сияқты. Әлі нақты қабылданғаны жоқ. Сондықтан әріптерге қатысты пікірталас әзір тоқтай қоймайтын сыңайлы.
Дегенмен, комиссияға түсіп жатқан нұсқалардың арасынан белгілі біреуі талапқа толық сай келмесе, осы жобалардан іріктелген қаріптерден әліпби жасауға болатын шығар. Әрине, бұл—бұйырса, жаңа әліпбиді қолданатын азамат ретінде ортаға салған жеке пікірім ғана.
Мамандардың сөздеріне сүйенсек, емленің 90 пайызы дұрыс, тек кейбір әріптер ғана өзгеруі мүмкін. Ал кейбір тіл жанашырлары емленің ресми түрде Үкімет қаулысымен бекітілмегенін алға тартып, қала көшелерінде дүкен маңдайшаларын латын графикасымен ерте жазып жатқанына қынжылады. Пікірлер алуан түрлі, ниет түзу.
Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтың айтқанын көзім шалды.
-Бастаған кезде клавиатурада қалай тұратынын біз білген жоқпыз. Оны енді клавиатураға салып, Қазақстан тарапынан, жергілікті атқарушы органдардан ЛЕНОВО компаниясына шығарып, тест өткізгенбіз. Соның қорытындысына сәйкес, басылған кезде әр түрлі кедергілер тудырған әріптер бар,-деген ол қай әріп өзгеріп, қайсысы қалатынын комиссия шешетінін және ғалымдар мен тіл мамандарымен қатар халықтың да пікірі ескерілетінін жеткізген.
Сондай-ақ ол мамандар қазіргі емлемен латын графикасында жазуға тыйым салмайтынын, керісінше, неғұрлым көбірек жазып-сызған сайын кемшіліктер мен олқылықтар соғұрлым нақтырақ көрінетінін айтқан. Расында да, «көре-көре көсем, жүре-жүре шешен» болу үшін оны күнделікті пайдаланып, жазып та көрген дұрыс сияқты.
Иә, әліпбидегі шикіліктің салдарынан кей сөздердің қате, мағынасы өзгеріп оқылатынын да көріп жүрміз. Латынша жазатын түркі тілдес халықтардың кейбірінде сондай қателіктердің кесірінен кей әріптердің жойылып кеткенін немесе жоғалып бара жатқанын білеміз. Сондықтан бізден бұрын латынға өткен ағайындардың неден қателескенін, қай тұста ұтылып, қай жерде ұтқанына назар аударған жөн сияқты. Оларда бар кемшіліктерді өзіміздікімен салыстырып, басқа да түйткілдерді әбден елеп-екшегеннен кейін ғана нақты шешім қабылданады деген үміт бар.
Тіл тағдыры—тұтас бір елдің тағдыры екендігі әмбеге аян. Олай болса, қарпіміздің өзгеріп, тіліміздің өркендеуіне қарсы топтардың аяқтан шалып бағатыны тағы бар. Ал біз қазақ тілінің жазу заңдылықтары қатаң сақталып, жазуымыз ана тілімізге сай, қарапайым, анық, түсінікті және ыңғайлы болатындай төл әліпбиіміз қабылданар деп сенейік. Осы орайда әрқайсымыздың ортаға салар орынды ой-пікіріміз құнды екенін де естен шығармайық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА