Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды.
Фототұзаққа қабылан 2019 жылдың желтоқсаны мен 2020 жылдың қаңтарында екі мәрте түсіп қалған. Ал жалпы Комитет өкілдері Үстіртте қабыланның пайда болғанын 2018 жылы хабарлаған.
«Сол тұста қорықта қабыланды зерттеу бойынша экспедиция ұйымдастырылған. Экспедиция қорытындысы бойынша мамандар мысық тұқымдастардың сирек кездесетін түрі – алдыңғы азиялық қабыланның пайда болғанын растаған. Осыдан кейін комитет жыртқышты зерттей бастады. Жақында сол қабыланды «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізу» жобасы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алдық», деп жазды Сәкен Ділдахмет.
Қабыланды Қызыл кітапқа енгізудегі басты мақсат – Қазақстанда аталған аңды сақтау және оған мониторинг жасау бойынша жұмысты жалғастыру. Panthera pardus L.,1758 қабыланы – жыртқыш сүтқоректілердің түрі, негізінен Африка мен Оңтүстік Азияда мекендейді.