АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық университетінің (МІТ) студенттері Октавио Вега мен Варша Сандади Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтаудағы НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш аптаға созылған тәжірибе барысында студенттер мектеп мұғалімдерімен бірлесе командалық сабақтар берді. Мектептегі БҰҰ Моделі жұмысын ұйымдастыру бойынша оқушыларға көмек қолын созды. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңес берді.
«NIS оқушылары өте еңбекқор және өршіл, әртүрлі академиялық, мектепішілік емес бағдарламаларға, пәндерге қызығушылықтары жоғары. Бәрінен де таңқалдырғаны БҰҰ Моделі ұйымының үлкендігі, атқарып жатқан жұмыстарының ауқымдылығы. Сонымен қатар, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының жұмыстарды ұйымдастыруы, түрлі шараларды жоспарлауы тәнті етті», - дейді Октавио Вега.
Октавио мен Варша – АҚШ-тағы жетекші университеттің екінші курс студенттері. Олар физика, электроника және компьютер ғылымдарын меңгеріп жүр. Студенттер Қазақстанға MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында келген.
Ал MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы оқушылардың жаратылыстану-математика, мәдениеттану бағытындағы білімін кеңейтуге, теориялық білімді тәжірибеде қолдануға баулу, сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, мектеп қонақтары қазақ мәдениеті, әдет-ғұрпымен таныстыру мақсатында мектеп қонақтары жергілікті отбасыға қоныстандырылды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұсынды