© www.gov.kz
Ақтау қаласы соңғы жылдары ерекше көркейіп, аумағын кеңге жайып келеді. Ақмаржан шаһарды бүгінде ерекше кейіпке енгізу мақсатында тиісті инфрақұрылымдарды салу кешенді түрде жүзеге асып жатыр. Соңғы уақытта «Ақтау Дубайға айналады» дегенді естіп бірі күле қараса, бірі күмәнмен қарағаны жасырын емес. Алайда алдымен бұл сөздің төркіні қайдан шықты, соған тоқталайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын дамыту бойынша өткізген кеңесінде Ақтау қаласын Баку мен Дубаймен тәжірибе алмасып, бас жоспарын қайта қарауды ұсынған болатын.
Бұл ретте Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновпен болған әңгіме барысында Ақтаудың болашақ даму жоспарын талқылаған едік. Белгілі атқамінер азамат Дубай мен Баку қаласының даму жоспары негізінде дамыту қолға алынғанын мәлімдеді. Осы мақсатта қазақстандық бір топ сәулетшілер облыс әкімдігінің жұмыс тобымен бірге Баку, кейін Дубай қаласына барып қайтты.
«Екі қаладағы әріптестерімізбен кездестік. Қос шаһарда атқарылып жатқан қала құрылысының жоспары бойынша жұмыстарымен таныстырды. Бакуде қала басшылығы қаланы жоспарлағандағы тәжірибесімен алмасты. Сосын болашақ 2040 жылға дейінгі бас жоспары дайындалған. Баку 5 компанияның өкілдерін шақырып, қала құрылысына тартқан. Ал Дубайға барып, қала басшылығымен, әр түрлі сала басшыларымен, инфрақұрылым, көлік жолдарымен таныс болдық. Жолаушылар көлігінің қалай ұйымдастырылғанына куә болдық», - деді Ербол Ізбергенов.
Ақтауды дамыту, оны кешенді дамыту бойынша Маңғыстау облысы әкімдігі шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асырылмақ. Бұл туралы алда ауқымды істер басталып, таяу жылдары қаланың кейпі өзгеше сипатқа енетін болады.
«Баку мен Дубайда қаланы дамыту бойынша әлемдегі ең атақты 5 компания жұмыс істейді екен. Дубайдағы әріптестеріміздің айтқаны, бас кезінде оларда да көптеген қателіктерге бой алдырған екен. Содан кейін шетелдік компанияның көмегіне жүгінген. Бұл жобаны ағылшын тіліне аударып, соларға жібердік. Қарап, ұсыныстары мен ескертпелерін жасады. Солардың барлығын ескеріп, бүгінгі таңда мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынып жатырмыз. Ақтау қаласы болашақта солтүстік-батыс бағытта дамиды деп жоспарлап отырмыз. Бұл - үлкен жоба. Әлемдік типтегі қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып, болашақта Ақтау қаласын ғана емес, өңірді туризм саласында дамыту басты мәселенің бірі деп есептейміз», - деді Ербол Күреңтайұлы.
Оның айтуынша, Ақтауды және өңірді туризм бағытында жандандыру бойынша кешенді жұмыстар жасалады.
«Ақтауда қос қаланың тәжірибенің пайдалана отырып, қаланы ары қарай дамытқымыз келеді. Өзім соған сенемін. Осыны іске асыруымыз қажет деп есептеймін. Бұл «Дубайды Ақтауға көшіріп әкеліп қоямыз» деген әңгіме емес. Ақтаудың да өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Дубайда әлемге танымал ғимараттары болса, Ақтауда да танымал нысандары болады деп отырмыз.Бұл туристерді де тартуға мүмкіндік береді. Сол себептен жоспарға сай еш қаланы қайталамай қазіргі заманауи қаланы қалыптастырғымыз келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 10 мың адамға есептелген халықаралық деңгейдегі стадионның құрылысы жоспарланып отыр», - деді ол.
Жалпы, Ақтауда жақын жылдары ерекше жобалар жүзеге асқалы отыр. Оның ішінде Каспий теңізінде кеме вокзалын салу секілді ерекше нысан бар.
«Бұл жақын жылдары іске асады. Біз қазір қала бойынша жағажайға реконструкция жасап, әлемдік деңгейдегі жағажайға айналдырғымыз келеді.. Каспийде 5 мемлекет арасында көлік, турист тасымалдар үлкен круиздік теплоход жүргізу жоспарланып отыр. Бізде Ақтау қаласында теңіз вокзалы жоқ. Сол жерде құрылыс салу жоспарлап отырмыз. «Әуенді домбыра» деген нысан әлемге танымал болады, биіктігі 100 метрден асады. Және қала тұрғындарын, ел тұрғындарын, туристерді барлығының таңданысын тудырады деген сенімдеміз», - деді Ербол Ізбергенов.
Әрине, әсем қала Ақтауымыздың одан ары өрлеп, аты алыстарға жететін үлкен қалаға айналуына әр тұрғынның өзіндік үлесі бар. Сол күнге бірге жетейік!
Сұхбаттың видео нұсқасын көрем десеңіз өтіңіз!
Жанкелді Қаржан