©
«Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғыс хат алды. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді», - деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы – барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш.
Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыздың жұмылы атсалысты.
Биыл бас қаланың туған күніне орай «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Маңғыстау облысы да өз үлесін қосты. Ұлтаралық келісімді ту еткен Қазақстан үшін достық пен бейбітшілік басты байлық саналады.Осыған орай, Маңғыстау өңірі сыйлаған Достық үйі татулығы мен ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыздың береке-бірлігін бекемдей түседі деп сенемін. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» - делінген Елбасының маңғыстаулықтарға жолдаған алғыс хатында.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысы Астананың 20 жылдығына тарту ретінде Достық үйін тарту еткен еді.
Үш қабатты Достық үйінің бірінші қабатында көрме залы, акт залы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының бөлмелері бар. Екінші қабатта конференц-зал, мұражай, этномәдени бірлестіктердің бөлмелері орналасқан. Хореографиялық зал, вокалдық студия, асхана, қызметкерлер бөлмесі астыңғы қабатта орналасқан. Қонақтар және қызметкерлер үшін автотұрақ та қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 4 мың шаршы метр. Достық үйінің жан-жағы абаттандырылып, көгалдандырылған. Ғимарат Астана қаласындағы Алматы ауданы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 24 үйде орналасқан. Жобаның іске асырушысы — «Достық-Қазақстан» қоғамдық қоры.
Сурет Ақорда сайтынан