Ақтаудағы амфитеатр сахнасында ұлттық домбыра күніне орай «Нағыз қазақ – домбыра!» атты концерт өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Концертке облыстық оркестердің 200-ден астам мүшесі мен өңірдегі барлық қала, аудандардың өнерпаздары қатысты. Олардың бәрі бірге Мұрат Өскінбаевтың «Өрен», «Жеңіс», Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа» күйін орындады.
Кеште елімізге белгілі Сержан Шәкірат, Роза Айдарбаева, Нұржан Жолдас, Әлия Қарамұқанова, Асылбек Дәулетияров, Жәнібек Жұмабаев, Қайсар Жамбыл сынды күйшілер күй тартса, Ақмарал Ерімбетова, Сәбит Шектібаев, Айнұр Омарова, Алпысбек Оңайбаев, Жігер Бектұрғанов сынды дәстүрлі әншілер әуелете ән салды. Ал Ақылбек Өтешов, Ізмұрат Молбаев, Темірбек Асқанбаев, Манас Әділбай, Мұратбек Кәдірбай сынды жыршылар дәстүрлі ән мен жырдан шашу шашты.
Бұл мереке 2018 жылдан бері бірінші Президенттің №699 жарлығына сәйкес шілденің бірінші жексенбісінде «Ұлттық домбыра күні» болып тойланып келеді.
Мерекелік концерттік бағдарламадан бөлек, ұлттық тағамдар мен бұйымдардың жәрмеңкесі болды. Жәрмеңкеге «Көрік» ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, «Aktau wood» ұлттық бұйымдары, «Kitapalike» кітап және «Qazaq dami» ұлттық тағамдар дүкендері қатысты. Кеш соңында көрермендер де өнер көрсетіп, арнайы сыйлықтармен марапатталды.