Маңғыстауда «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеушілік экспедициясы өтті. Өлкетану жобасына Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Үздік» шаңырағының 48 оқушысы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Зияткерлік мектеп тарихында жыл сайын өткізілетін саяхат бұл жолы «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі Маңғыстау» деп аталды.
Бір аптаға созылған шара барысында зияткерлер туған өлкемен жақын танысып, ақпарат алу үшін Ақтаудағы өнеркәсіп түрлерімен танысты. Олар Ақтаудағы шыны-талшық құбырларын шығаратын зауыт, «Ақтау түйеқұс» фабрикасы, «Zhamal-ai LTD» аяқ-киім шығару фабрикаларына барды. Сонымен қатар жас зерттеушілер Қазақстанның кешенді өнеркәсіп орындарының бірі, аммиак және аммиак селитрасын өндіретін жалғыз кәсіпорын «ҚазАзотқа», және Маңғыстау облыстық қан орталығына саяхат жасады.
Жоба бағдарламасына сәйкес оқушылар Маңғыстаудағы ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын діни сәулет ескерткіші саналатын Қараман ата жер асты мешітіне барды. Жас зерттеушілер жер астындағы мешітпен, қорыммен танысып, туған өлкелерінің қасиетін сезіне алды.
Маңғыстау тылсым жерлерімен ғана емес, ерекше тұлғаларымен де танымал. Қатысушылар Маңғыстаудың танымал жырауы Мұрын (Тілеген) Сеңігірбекұлының мұржайын, түбектің тарихи тұлғалары Иса-Досан батыр ескерткішін көріп, Форт-Шевченко қаласындағы этнографиялық мұражайынан жергілікті халықтың тұрмысы туралы мәлімет алды. Сонымен қатар суретші, украин ақыны Тарас Шевченконың музейіне барып айдаудағы өмірі туралы білді, басқа еш жерде кездеспейтін мәліметтер мен экспонаттар қорын көрді.
Туған өлкені танып білуге, оқушылардың туған жерінің ерекшелігі мен қыр-сырын бліуге, оқушы бойындағы патриоттық сезімді арттыруға бағытталған «Туған елге тағзым» өлкетанулық экспедициясы зияткер мектептерін өзара маршрут арқылы Қазақстан аймақтарымен танысып, зерттеу жүргізуіне бағытталған. Бұл мақсатқа жетуде жоба қатысушылары өлкетану-зерттеу экспедициясы негізінде зерттеу жұмыстарын дайындап, қорғайтын болады.