Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының тұрғындары облыс әкімдігінің телеграм каналына «Басқұдық - Маңғыстау» автомобиль жолына жерасты өткелін салуды сұрап сауал жолдаған. Желі қолданушысының сұрағына Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысы Басқұдық ауылынан төрт жолақты жол салынуына байланысты жолдан өтудің қиын екенін айтқан. Сол себепті «Басқұдық - Маңғыстау» автомобиль жолына екі жерден жер асты өткелін салуды ұсынып, өзекті мәселенің шешуді сұраған.
Тұрғынның сұрағына жауап берген Мұнайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері аталған мәселе басты назарда екенін айтты. Жауаптылардың айтуынша, Басқұдық-Маңғыстау бағытындағы автомобиль жолын қайта құрылымдау, кеңейту жұмыстарын жүргізу бойынша жоба жасақталып, сол жобада жаяу жүргіншілерге арналған жол сызықтары мен жол белгілері заң талаптарына сәйкес қарастырылған.
- Жыл соңына дейін қауіпсіздік мақсатында аталған автомобиль жолының бойына жылдамдық өлшегіш бейне бақылау камераларын орнату жоспарланған. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті немесе жерасты өткелін салу мәселесін қарастыру жоспарға енгізіледі, - дейді жауапты мамандар.