Жаңаөзен қаласының білім бөліміне қарасты мектептердің бірі бастауыш сыныптарға арналған металл шкафтарды 6,3 млн теңгеге сатып алмақ болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Білім мекемесі бір шкафтың құнын 35 мың теңгеден белгілеген. Ал оның нарықтағы орташа бағасы – 16 мың теңге. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мәселені анықтап, нәтижесінде 3,5 млн теңгені үнемдеген.
- Аймақтағы Антикор сатып алынатын тауарлар мен қызмет түрлерінің құны нарық бағасынан жоғары болмауын бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері өңірде 660 млн теңге көлеміндегі мемлекет қаржысы үнемделді. Мемлекеттік органдар мен мекемелердің, квазимемлекеттік субъектілердің сатып алатын тауарланың және қызметтерінің бағаларына мониторинг мемлекеттік сатып алудың жоспарлау сатысында және нарықтық көрсеткіштермен салыстыру арқылы жүргізіледі, - деп жазды ведомство.