Ақтау қаласындағы жаңа шағынаудандардағы су қысымының төмендігінен ауызсу тапшылығы орын алуда. Бірақ бұл су көлемі азайды деген сөз емес. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өндіретін 52 мың тм су жазда халықты толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Бірақ мәселе біртіндеп шешілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров мәлімдеді.
Брифингте тұрғындардан судың жиі болмай қалуы және қысымның төмен екені туралы сұрақтар келіп түсті.
Бекбол Орынбасаровтың айтуынша қаланы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС сумен қамтамасыз етеді.
- Бұл мекеме Ақтау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің 205 мың тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 52 мың тм құрайды және бұл халықты толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Әсіресе, 31, 32, 33, 36-40 шағынаудандарда су тапшылығы байқалады. Бірақ бұл су көлемі азайды деген сөз емес. Жыл сайын жаз айларында кәсіпорынның қуаты жетіспейтіндіктен, ауызсу кестемен және төмен қысыммен беріледі. Айта кетейік, зауыттан шыққан су тек қаладағы тұрғындарға ғана емес, өнеркәсіпке де жіберіледі. Коммуналдық қызметтер су қысымын шектеуге мәжбүр, бірақ бұл уақытша ғана, - деді Бекбол Орынбасаров.
Спикердің мәліметінше, жақын арада «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС «Доу-9» деген қондырғыны қосады. «Каспий» су тұшыту зауыты да 5 мың тм өндіретін қосымша қондырғы орнатады. Жақын арада су мәселе біртіндеп шешіле бастайды.