Түрік тарихымен көбінесе сериалдар арқылы танысқан жұртшылыққа олардың ас мәзірі де қызықты болуы әбден мүмкін. Әсіресе, Осман империясы сұлтандарының, сарай тұрғындарының сүйікті асы қандай еді?
Биылғы 21-27 мамыр аралығында әлем бойынша өтіп жатқан Түрік ас үйінің апталығын Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы ұйымдастырды. Оған ақтаудағы консулдар, өнер және БАҚ саласының майталмандары қатысты. Басқосуды Бас консул Мұзаффер Ақйылдырым ашты.
- Түрік ас үйі мен түрік тағамдары Селжұқтар мен Османлы сарайларында сансыз өркениеттермен қарым-қатынас жасау арқылы бүгінгі күнге үлкен мәдени дүние әкелді дуге болады,-деді ол. - Көкөніс пен етсіз тамақтанудың шексіз нұсқаларын ұсынатын және тұздалған қияр мен сірке суымен емдік қасиеті бар түрік ас мәзірі барлық тағам мен сусын үрдістеріне сай болуымен барша әлем үшін ас мәзірінің үлгісі саналады. Түркияның берекелі географиясы мен ауа райының әр түрлілігі түрік халқының бай ас мәзірінің қалыптасуында шешуші рөл атқаратын факторлардың бірі болған. Түрік тағамдары құнарлы топырақта өсірілген, сапалы тұқымнан алынған мол табиғи өнім болып табылатын алуан түрлі көкөністер мен жемістерден дайындалады. Түрік аспаздық мәдениетті, тағамды денсаулықпен тікелей байланыстыра отырып, зәйтүн майымен пісірілген тағамдарды әлемдік дастархан мәдениетіне ұсына отырып, ғасырлар бойы білімнің айнасы болып қалыптасқан, әрі аңызға айналған тағамдары дастарханда, дәстүрімізде, ас мәдениетімен бірге болашақ ұрпаққа жеткізіп отырмыз.
Құрметті Эмине Ердоған ханымның жетекшілігімен және Президенттің қолдауымен Түркияның Туризмді алға жылжыту және дамыту агенттігімен (TGA) ынтымақтаса отырып, Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен және Сыртқы істер министрлігінің және шетелдегі кәсіпкерлеріміздің, аспаздардың, ғалымдардың, сарапшылардың үлес қосуымен түрік ас үйін халықаралық деңгейде таныту шаралары өтіп жатыр.
Дұрыс тамақтана отырып, пісіру әдістерімен, сапалы ингредиенттер мен табиғи өніммен әртүрлі мәдениеттерден қалыптасқан түрік ас үйінің бай тарихына назар аударылған «Ғасырлық рецептер мен түрік ас үйі» атты кітапта тамыры терең әлемдік тамақтану үрдістері мен ас үйдің үйлесімділігіне назар аударылады. Түрік ас үйінің қалдықсыз, ашытқысыз, етсіз, өсімдік негізіндегі, глютенсіз, сүтсіз, жергілікті және таза азық-түліктен құралған рецептер кітапта арнайы белгішелермен ұсынылған. Ғасырлық рецептері бар түрік ас үйі кітабындағы фотосуреттердің қарапайымдылығы түрік ас үйі аста-төктен алыс, қарапайым екенін көрсетеді. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі рецептер түпнұсқасынан ауытқымай, болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен «Ғасырлық рецептер мен түрік ас үйі» кітабында 5 кеңесші мен 14 аспаздың атсалысуымен 218 рецепт жазылған.
Түрік ас үйінің халықаралық тартымдылығын арттыратын және гастро-дипломатия аясында ерекше маңызы бар кітап Мәдениет және туризм министрлігі тарапынан 2021 жылдың қазан айында түрік және ағылшын тілдерінде басылып шықты.
Дәстүрлі түрік тағамдарын аналарымыз бен әжелеріміз және шебер аспаздарымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Ұлттық мұрамыз болып табылатын аспаздық мәдениетіміздің тұрақтылығы үшін азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығы, әлемде түрік ас үйінің дәмін сақтау, жазып алу және насихаттау біздің құндылығымыз болып табылады.
Ақтау қаласындағы Бас консулдың таныстырылымынан кейін қонақтар әйгілі пахлава түрлерінен, басқа түрік тәттілерінен, сұлтандардың сүйіп ішкен сусыны мен асынан, негізінен дәруменді жеміс-жидектерден дайындалған тіл үйірер дәмнен ауыз тиді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ