Бүгін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдаған кезде, кәсіпкер Айжан Сембеғалиева түйе жүннен киім тігу цехын салатын жер телімін алуға рұқсат алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала тұрғыны Бейнеуден түйе жүн алып, содан киім тігумен бес жылдан бері айналысып келеді.
- Ақтауға үш жыл бұрын отбасымызьен көшіп келдік. Кейін шағын цех аштым, әрине, бұл аздық етеді, кеңейту керек. Түрлі-түрлі киім тігуге жарайтын түйе жүн негізінен қолмен жиналады. Одан шыққан киім түйе жүннің ерекше қасиеттеріне байланысты, тым ыссы да болмайды, тым салқын да болмайды. Терлетпейді, қойдың жүнінен екі есе жеңіл, төзімді. Аллергия қылмайды, электролизденбейді, өте жұмсақ, теріге де жағымды, табиғи және таза. Сондықтан мен тек осы материалдан тігуді ұйғардым, - деді кәсіпкер.
Көп балалы ана Айжан Сембеғалиева декретте де қол қусырып отырмай, өзін-өзі белсенді дамытты. Ол Мәскеуде тігін технологиясын оқыды, коронавирус пандемиясы кезінде итальяндық шеберлердің дизайн курстарынан өтті.
— Мен қарапайым ғана тігін шеберханасы емес, түйе жүннен жасалған өте сапалы отандық сырт киім шығаратын үлкен цех ашуды армандаймын. Өкінішке орай, менің мүмкіндігім жетпейтін де кездер бар, сондықтан жоспарларым туралы айтып, қолдау алу үшін кездесуге жазылдым. Мен арманымнан бас тартпағаныма қуанамын, бүгін маған "Шығыс-1"-ден жер телімін алуға рұқсат берілді. Осының арқасында мен үлкен цехты іске қоса аламын, жүзге жуық адамды жұмысқа тартуды жоспарлап отырмын. Ертеңнен бастап құжаттарды рәсімдеймін. Цехты өз қаражатыма саламын. Қала мен облыс басшылығына алғыс айтамын, — деді Айжан Сембеғалиева.