Қарағанды қаласындағы ұлттық спорт орталығы ұйымдастырған жарыста маңғыстаулық мергендер командалық есеп бойынша 14 өңірден келген қатысушылар ішінен озық шығып, үш алтын, екі күміс, қола медаль мен гран-при алды.
Үш алтын Нұрлан Жолдасбаев, Мөлдір Саурбай мен Айдар Әділгерейге бұйырса, күміс медальды Айбек Ораз бен Әйгерім Сүйеубай иеленген. Ал қола медаль Бейбарыс Бақытбайға бұйырған.
- Өңірде дәстүрлі садақ ату спортына қызу дайындық екі жыл бұрын басталғанына қарамастан біздің мергендер жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 14 өңірдің арасынан озып шығу оңай емес. Бұл әрқайсысының ерекше дайындығы, жауапкершілігі. Біздің ендігі мақсатымыз – әлемдік деңгейде өнер көрсету, - дейді садақ атудан Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Сәнім Ізбасарқызы.
Сәнім Ізбасарқызы жас спортшылардың шеберлігін жетілдіруге қолдау көрсетіп жүрген облыстық спорт басқармасы мен «Маңғыстау облыстық ұлттық спорт түрлері» мекемесінің басшысы Қайрат Қожағұлұлына алғысын білдірді.