Маңғыстау облыстық экология департаментінде «Aktau tourism city ltd» жеке компаниясының филиалына қатысты Каспий теңізі мен «Қаракөл» көліне сарқынды суды ағызу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тексеру нәтижесі бойынша экологиялық заңнама талаптары бұзылған. ҚР ӘҚБтК-нің 324-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни ықпал ету санаты қайта ресімделмеген және су тұтынуды және су бұруды есепке алу журналдары, су көлемдерін есепке алу құралдары жоқ.
ҚР ӘҚБтК-нің 325-бабы бойынша, яғни өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы әзірленбеген және тиісінше өндірістік экологиялық бақылау жүзеге асырылмаған.
ҚР ӘҚБтК-нің 326-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни экологиялық рұқсатқа енгізілген табиғат пайдалану шарттарының орындалуы туралы есептер ұсынылмаған.
ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабының 1-бөлігі бойынша сарқынды суларды тазарту дәрежесіне қарамастан, курорт аймақтарындағы, шомылуға арналған орындардағы жерүсті су объектілеріне ағызғаны үшін.
ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни КТҚ 2021 жылдан бастап техникалық проблемаларға байланысты пайдаланылмайды. Тиісінше, компания сарқынды суларды биологиялық тазартуды жүргізбейді және тұщыландыру қондырғысының кері осмосынан теңіз суын «Қаракөл» көліне КТҚ шығысында тазартылған сумен араластырмай ағызады, бұл жобалық шешімдерде көрсетілген пайдалану ережелерін бұзу болып табылады.
ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі бойынша «Қаракөл» көліне ағызу кезінде қоршаған ортаға нормативтен тыс эмиссияларды жүзеге асырғаны үшін.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 6 бабы бойынша салынған айыппұлдың жалпы сомасы 76 млн 245 мың 549 теңгені құрайды.
Сондай-ақ, кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) жөндеу жұмыстарының ұзақтығына байланысты қонақ үй кешенінен пайда болған барлық сарқынды су арнайы септикке жіберіліп, кейіннен қалалық КТҚ-ға шығарылады.
Айта кету керек, «Aktau tourism city ltd» компаниясына қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін «Ecojer» өңірлік экологиялық бастамалар қазақстандық қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің хаты және Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының келісімі негіз болды.
Тексеру жүргізу кезінде «Жайық Каспий бассейндік инспекциясы» РММ, Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы және Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері тартылды, олар қазіргі уақытта белгіленген бұзушылықтар бойынша өз құзыретіне кіретін тиісті шараларды қабылдайды.
Сонымен қатар, тексеруге «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы Маңғыстау облысының өңірлік экологиялық кеңесінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар бойынша жою мерзімдерін көрсете отырып, тиісті нұсқамалар берілді. Осы ұйғарымның орындалуы Маңғыстау облысының Экология департаментінің бақылауында болады.