Сай Өтес ауылының тұрғындары заманға сай мәдениет үйінің жоқ екенін айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындардың айтуынша, ауылдық клуб мекенжайы жиі ауысады. Яғни, тұрақты орны жоқ. Сондықтан мәдениет саласының өкілдері ұшып-қонып, әр мекеме есігінен ентелеп, уақытша қоныс аударумен күн көрген.
Ауылдық клуб басшысы Күләш Жайымқұлдың айтуынша, мәдениет жетімсіресе де көштен қалмауға тырысады. Жақында 55 жылдық тарихы бар ғимаратқа қол жеткізген. Бұл ғимарат та мемлекеттік-қазынашылық кәсіпорын «Өрлеуге» тиесілі.
Ауылдық клуб 100 адамға арналған. Қуықтай ғана ескі ғимаратта мәдени шара ұйымдастырып, көпшілікпен жұмыс істеудің өзі мұң. Тіпті, апаттық жағдайда тұр.
«Жабдықтар бар, бірақ ғимарат ішінде халықты мәдени шарамен қуанту қиын. Балаларға арналған қосымша үйірмелерді де көбейткіміз келеді. Бірақ, жағдай, мүмкіндік жоқ. Бізге заманауи үлгідегі мәдениет үйі керек. Қазір нысан апаттық жағдайда тұр, қапталы жарылған», - деді ауылдық клубтың басшысы Күләш Жайымқұл.
Бұл ретте біз Сай Өтес ауылының әкімі Нұржан Бөкенбаевтан мәдениет үйдің мәселесі қашан шешілетінін сұрап білдік.
Тағайындалғанына жыл толған әкім ауылдық клубтың тозығы жеткенін мойындап тұр.
«Әрине, ауылдық мәдениет үйінің заманға сай болғанын қалаймыз. Бұл ретте, біз, Сай Өтес ауылында 200 орындық кітапханасы бар ауылдық клуб құрылысына ЖСҚ байластыру жұмыстарын бастап кеттік. Аталған жұмыстарға бюджеттен 17 млн теңгеден аса қаржы қарастырылды», - деді ауылдық округ әкімі Нұржан Бөкенбаев.
Оның айтуынша, жеңімпаз мердігер мекеме анықталып қойған. Мердігер мекеме – шымкенттік «Redline Pro» ЖШС.
Егер ЖСҚ уақытылы жасалып, мақұлданса, ауыл жаңа клубпен толығатынын тілге тиек етті.
Қазірдің өзінде балаларға арналған 5 үйірме жұмыс істейді. Оған қоса әжелер ансамблі де бар.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан