2021 жылы Жаңаөзенде 4565 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров хабарлады.
Спикердің айтуынша, 2021 жылы жұмыссыздар саны 1 812 адамды құрады (жастар - 750 адам, яғни 42%-ы). Ашылған 4565 жұмыс орнының ішінде: өнеркәсіп - 342, құрылыс - 49, көлік және қоймалау - 64, көтерме және бөлшек сауда, авто және мотоциклдерді жөндеу - 79, білім саласы - 2, денсаулық сақтау - 48 және т.б жұмыс орындары экономикалық қызметтің басқа да түрлеріне жатады.
Тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен келісілген аутстаффингке сәйкес барлығы - 1 708 жұмыссыз жұмыспен қамтылды. Оның ішінде: «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамына - 435 адам, аутстаффингке - 460 адам; «ӨзенИнвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына - 813 адам және 2021 жылдың наурыз айынан бастап «Жұмыс жасаймын» жобасы іске асырылып келеді. Осы кезеңге дейін барлығы 294 адам жұмыспен қамтылды, - деді Мақсат Ибағаров.