Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлімдеді.
«Ashyq» жобасында Маңғыстау облысында 3210 нысан бар.
-Жыл басынан бері «сары/қызыл» мәртебесі бар оқшаулануға жататын 209 адам анықталды. Оның ішінде 203 азаматтың - «қызыл», 6 азаматтың «сары» статусы болған. Індеттің таралу қаупін тудырғандардың дені қоғамдық тамақтану орындарына, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қонақ үй, сауда үйлеріне кірмек болған. Алайда «Ashyq» жобасы арқылы әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Белгілі болғандай, науқастардың кейбірі тіпті, бірнеше нысанға барған. Карантин режимін бұзғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 45 945 тг айыппұл салынды,-деді Ғазиз Надуев.
Сондай-ақ спикер мониторинг топтардың жұмысына тоқталды. Жыл басынан бері мониторинг топпен 208 рейд жүргізілген. 447 объекті тексерілген, оның ішінде бұзушылық анықталған жоқ.
Жалпы соңғы тәулікте індет 5 адамнан анықталды. Бесеуіде Ақтау қаласының тұрғындары. 45 адам аурудан жазылып шыққан.
Қазір таңда облыста қолданыста ресейлік «Sputnik V»; «QazVac»; «Синовак вероселл»; «CoronaVac»; «Pfizer» вакциналары бар. I – компонентпен 214 288 (55,2%), II – компонентімен 192 716 (49,6%) адам егілді.