16 шағын ауданнан пәтер алғандар әлеуметтік нысандарға қолы жетпей жүргеніне шағымданады. Элит санаттан алған үйлерінің жанынан не балабақша, не мектеп бой көтермегеніне наразы тұрғындар әкімдікті сотқа бермек, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
16 шағын ауданның тұрғындары жүйесіз жүргізіліп жатқан құрылысқа наразы. Айтуларынша пәтерді сатып аларда балабақша да, мектеп те таяқ тастам жерде болады деп көрсетілген бас жоспар үнемі өзгереді.
10 немерем бар. Мектеп-балабақшаға 11 және 13 шағын ауданға барады. Олар жүргіншілер жолынан өтеді, қорқамыз. Бұл ауданға мектеп пен балабақша ауадай қажет, - дейді тұрғындардың бірі Жолжан Наурызова.
Әкіммен осы жерге кіріп сөйлестік, комиссия құрамыз деді, хаттамасы да болды. 2 аптадан асты, комиссия әлі жұмысын бастаған жоқ, - дейді тұрғын Дінахмет Мұханбетов.
Тұрғындардың сөзінше балабақша салынады деп уәде етілген жерге 12 қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ал әкімдіктің мәліметінше құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешенінің құжаты тдұрыс. Сондай-ақ, үкімет тарапынан бөбекжай құрылысына әлеуметтік тапсырыс берілмейді. Тек балабақша салуға ниетті кәсіпкерлер ғана тұрғындар өтінішін қанағаттандыра алады деді әкімдікте.
16 шағын аудандағы мына «Несібе» тұрғын үй кешенінің жанындағы салынып жатқан құрылыстың тапсырыс берушісі қателеспесем, 1500 шаршы метрін балабақшаға арнайтынын тұрғындарға да, әкімдікпен кездесу барысында да мәлімдеген болатын, - дейді Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылыс мекемесінің сектор меңгерушісі Абылай Бекмағанбетов.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын