Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Ербол Махитов мәлімдеді.
Алдымен, биыл Мұнайлы ауданында 150 орындық аурухананың құрылысы басталады.
- Құрылыс ұзақтығы 13 ай. Ауруханада хирургия, терапевт, балалар, инфекциялық бөлімше ғимараттары болады деп жоспарланған. Нысан 3 қабаттан тұрады. Ауданы - 9040,8 шаршы метрді құрайды. Бүгінде Мұнайлы ауданында халық саны 180 мың адамды құрайды. Бүгінгі таңда аурухана болғанымен, ол аздық етеді. Осыған байланысты аудан тұрғындары облыс орталығы Ақтау қаласына қатынайды. Жоба әлеуметтік маңызы бар санатқа жатады, - деді Ербол Махитов.
Бұдан бөлек, Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылында ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Әрі қарай, Жаңаөзен қаласының Рахат ауылында да осындай ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалды. Нысан құрылысын ағымдағы жылдың 1-тоқсанында тапсыру жоспарда бар.
Сондай-ақ, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында ауысымына 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға конкурс қорытындысы шықты. Нысан құрылысы ағымдағы жылы басталады.