«ӨзенМұнайГаз» компаниясына қызмет көрсететін «Бұрғылау» серіктестігінің мыңнан астам қызметкері толықтай жұмысты тоқтатып тастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қызметкерлер осымен үшінші күн қатарынан жұмысшылардың жағдайы жасалсын деген негізбен басшылыққа бірден 17 талап қойған. Олардың негізгісі «Бұрғылау» компаниясының бас директорын лауазымынан босату, еңбекақыны біріңғай еңбекақы жүйесімен төлеу және серіктестіктің техникаларын жаңарту.
Мұнай ұңғымаларын қазу және игерумен айналысатын «Бұрғылау» компаниясы 2007 жылы «KazPetroDrilling» акционерлік қоғамының меншігіне өткен. Жұмысшылардың сөзінше содан кейін, еңбек дауы жиі болып тұрады. 2016 жылы үлкен дау болып, «Бұрғылау» басшыларына бірнеше талап қойыпты, сол талаптың кейбірі әлі де орындалмады деп ашулы.
- Біздің мәселемізді «KazPetroDrilling» АҚ бас директоры Рахмет Хайруллаев келіп, шешіп беруін сұрап тұрмыз. Облыс әкімі «Бұрғылау» ЖШС бас директоріне ескерту жасаған. Ал басшыларымыз бейнеүндеу жасаған жігіттерді сотқа берді. Әлі күнге дейін қудалау жалғасып жатыр, - дейді жұмысшы Бердіғұл Ізғалиев.
Осы «Бұрғылау» серіктестігінде жұмыс істей жүріп, дүниеден өткен азаматтардың әйелдері мен жұмыспен қамту бөлімі арқылы қызметке орналасқандардың да шағымы жетерлік. Әйелдердің сөзінше серіктестік оларды жеке кәсіпкерлік арқылы жұмысқа алған.
- Біздер жеке кәсіпкерліктің жұмысшысы ретінде «Бұрғылау» компаниясында жұмыс істеп жатырмыз. Біз айына 100 мың теңге көлемінде жалақы аламыз. Бірақ ол ақшамыз жетпейді. Несиеміз бар, балаларымыздың ас-суы мен киім-кешегіне жеткізу тіпті қиын, - дейді жұмысшы Қаракөз Басарова.
Компанияға сервистік қызмет көрсететін «Фиркрофт» серіктестігінің 100-ден астам қызметкері «Бұрғылауға» штаттық бірлікке өту туралы талап қойып отыр. Ал компания заңгері олардың талабы бірден орындалмайтынын жеткізді. Ал жеке кәсіпкерлік арқылы жұмыс істеп жатқан әйелдерді серіктестіктің штаттық бірлігіне өткізу қарастырылып жатқан жоқ деді.
- Қазіргі уақытта жоспар юойынша жүргізілу керек ұңғымалардың барлығы тоқтап тұр. Бұл серіктестіктің бюджетіне үлкен экономикалық шығындар әкеледі. Басшылық тарапынан жұмысшыларға еңбек дауын дөңгелек үстелге отырып татуластыру рәсімдерімен шешуді ұсындық. Егер татуластыру комиссиясымен шешілмеген жағдайда еңбек арбитражын құруды да ұсындық. Алайда жұмысшылар татуластыру комиссиясымен де, еңбек арбитражымен де келіссөзге келуден бас тартып отыр, - дейді «Бұрғылау» ЖШС заң бөлімінің бастығы Ахан Шапахов.
Ахан Шапаховтың сөзінше 2007 жылдан бастап 2021 жылға дейін жалпы көлемі 41 миллиард теңгеден астам қаражатқа құрылғылар жаңартылыпты. Сондай-ақ заңгер жұмысшылардың ереуілі заңсыз деп танылсын деген арызды сотқа тапырғанын хабарлады. Дегенмен мыңнан астам азамат қазіргі көтерген мәселені «Бұрғылау» бас директоры Дүйсенбай Таушанов шеше алмаса, компания үкіметке қайтарылсын деп отыр.
Махаббат Нұржанқызы