Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылан Хадим хабарлады.
Оның айтуынша, Ақтау қаласының тұрғын үйлеріне су мен жылуды есептейтін жаңа үлгідегі құрылғыларды қондыру бойынша «КЖСА» мекемесі айналысуда.
-Қазіргі таңда, Ақтауда тұрғын үйлердің жылу есептегіш құрылғылармен қамтылуы - 86% құрайды. Яғни, 929 тұрғын үй 1186 құрылғымен жабдықталған. «КЖСА» мекемесі тұрғын үйлерді биыл тағы да 184 жылу есептегіш құрылғылармен толықтай қамтуды жоспарлауда, - деді Асылан Хадим.
Ал, су есептегіш құрылғылармен қамту қала бойынша 14%-ді құрайды (368 тұрғын үйде 222 дана су есептегіш жабдықталған). «КЖСА» мекемесі тұрғын үйлерге тағы 336 су есептегіш құрылғы орнату мақсатында конкурс өткізіп, мердігерді анықтады, жыл соңына дейін 27,6% құрайды деп күтіледі(536 тұрғын үйде 558 дана су есептегіш жабдықталған).
Сондай-ақ, спикер қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында қалада орнатылған бейнекамералар туралы ақпаратпен бөлісті.
-Облыс бойынша полиция басқармасында 1075 бейнебақылау камерасы, оның ішінде Ақтау қаласы бойынша 836 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 6 082 бейнебақылау камерасы жедел басқару орталығымен қайта қойылды. Бұл мектеп, балабақша, сауда орталықтарында, қоғамдық тамақтану орындарда, халық көп шоғырланатын орындарда,-деді Асылан Хадим.
Оның айтуынша, жол қауіпсіздігі саласында бейнебақылау камераларын көбейту арқылы жол ережелерінің қатаң сақталуына ықпал етуге болады. Қазіргі таңда облыс аумағында жол қауіпсіздігі бойынша 6 жол қиылысында бейнебақылау камерасы мен 13 сызықтық жылдамдық өлшегіш(скоростометр) бар. Оның ішінде Ақтау қаласы бойынша 3 жол қиылысында бейнебақылау камерасы мен 12 сызықтық жылдамдық өлшегіш жұмыс істеуде.
Одан бөлек, 176 мың халқы бар Мұнайлы ауданында полиция департаментімен бірлесіп отырып, қоғамдық қауіпсіздік бойынша 358 орын және жол қауіпсіздігі бойынша 40(31 скоростомер, 9 ақылды қилыс) орын белгіленіп, 2022 жылы қою жоспарлануда.