Ақтауда сұйытылған мұнай газының литрі 70 теңгеге көтерілді. Ал қала тұрғындары газ бағасының қымбаттауына наразы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осы себепті редакциямыздың тілшісі бірқатар жанармай бекеттеріне барды. Суретте көріп отырғандай, кейбір жанармай құю бекетінде баға бірдей, яғни бір литрі – 65 теңге болса, ал біз барған екі жанармай құю бекетінде литрі 70 теңгеге дейін қымбаттаған. Сұйытылған газ бағамының өсуіне байланысты түсініктеме алу үшін монополияға қарсы комитет өкілдеріне жүгіндік.
«Ақтаудағы жанармай құю бекеттерінде сұйытылған газға бірыңғай тариф жоқ. Кәсіпкерлердің өзі бағаны реттейді, олар оны төмендетіп, көтере алады. Егер кәсіпкерлер бағаны бірден көтергені және баға келісімін жасағаны дәлелденсе, онда бұл жағдайда оларға айыппұл салынады», - деп мәлімдеді департамент.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында нан қымбаттады
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысы сұйытылған газды автомобиль көлігінде пайдаланатын санаулы аймақтардың бірі. Ақтау қаласының арнайы ХҚО мәліметтері бойынша, облыста 164 мыңға жуық көлік тіркелген, оның 90 пайызы сұйытылған газды пайдаланады.
Жұлдыз ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН