1 сәуірден бастап жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқыту ұйымдастырылады. Бұл туралы Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Мамаева айтты.
Штаттық режимге барлық білім беру мекемелері көшеді. 158 876 оқушы қамтылған 158 мектепте 1-11 сыныптар үшін оқыту аралас форматта өтеді (70% пән – оффлайн, 30 % пән – онлайн форматта). Әр мектеп оқыту кезеңдерінің сыныптар санын және онлайн оқытылатын пәндер тізімін жеке анықтайды.
Сыныптың толымдылығы - 25 бала, сабақтың ұзақтығы - 40 минут.
Гүлмира Мамаева оқушылардан мектеп формасын сақтау талап етілмейтінін де айтып, өтті.
Жекелеген жағдайларда (ауырған немесе ауырғандармен байланыста болғандар) ата-аналардың өтінішімен балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі. Мектеп асханаларының жұмысы Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің келісімімен барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылады.
Мектептерде күнделікті желдету, ағымдағы дезинфекциялық жұмыстар күшейтіліп, дератизация, дезинсекция және дезинфекция жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Барлық 158 білім беру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.