Ақтау қаласында жыл соңына дейін «Сергек» камералары қойылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің телеграм каналында қала тұрығыны жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Сергек» камераларын қоюды сұраған.
Тұрғынның сұрағына Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап берді. Жауаптылардың айтуынша, жыл соңына дейін Полиция департаменті мен Ақтау қалалық әкімдігі «Сергек» камераларын орнатуды жоспарлап отыр.
- Қазіргі таңда қала аумағында жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жылдамдық өлшегіш құрылғылар қойылған. Басында көпшіліктің наразылығын тудырғанымен, бұл құрылғылар тұрған аумақтарда жол көлік оқиғасы айтарлықтай азайды, - дейді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің телеграм каналы тұрғындардың қордаланған мәселесін айтып, жауабын алатын алаңға айналған. Күні кеше Ақтау қаласының тұрғыны «Сергек» камерасына қатысты сауалын жолдаған еді. Жауаптылар дер кезінде жауабын берді. Жалпы, облыс әкімдігінің телеграм каналы ашылғаннан бері 6256 сұрақ келіп түсті, оның 6216-сына жауап берілді. Телеграм каналға 9566 адам тіркелген.