Жыл басынан бері Мұнайлы ауданында 260 науқас медициналық оңалту орталығына жіберіліп, емдеу курсын алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Сондай-ақ, қаңтар айынан бастап Мұнайлы орталық аудандық ауруханасындағы күндізгі стационарда 10 төсектік оңалту орталығы ашылды. 2022 жылдың мамыр айынан бастап 20 төсектік тәулік бойы оңалту стационарын ашу жоспарлануда. Бұл орталық оңалтуға мұқтаж пациенттерге ересектер мен балалар үшін неврология, нейрохирургия, травматология, ортопедия бейіндері бойынша жоғары білікті консультациялық-диагностикалық көмекті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Балалар арасында сколиоз, церебральды сал ауруы, ал ересектер арасында инфаркт, инсульт, буындарды эндопротездеу, жарақаттан кейін оңалту жұмыстарын жүргізеді.
- Сонымен қатар, емхана деңгейінде нейрооңалту және жарақаттан кейін науқастарға мультидисциплинарлық команда қызмет көрсетеді. Әр пациент үшін халықаралық критерийлерге сәйкес жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Мультидисциплинарлық команда құрамында дәрігер-невропатолог, үйлестіруші-дәрігер, дәрігер-реабилитолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, күтім бойынша мейірбике, физиотерапия медбикесі бар, - деді Жанар Досжанова.
Спикердің айтуынша оңалту орталығында жеке және топтық дене шынықтыру, тренажерларды қолдана отырып велосипед, кедергілері бар саты, ересек және балалар вертикализаторы, аяқ-қолға арналған тренажер, швед қабырғасы, балалар жүріс жолы, белдігі бар медициналық холдинг бойынша оңалту жұмысы жүргізіледі.
Баспасөз конференциясы барысында Жанар Досжанова жылжымалы медициналық кешеннің жұмысына тоқталды. Аталған кешен 2015 жылдан бастап шалғай елдімекендерде халыққа консультативтік, стоматологиялық, гинекологиялық көмек көрсетуде. Жылжымалы медициналық кешенде рентгенография, УДЗ, кольпоскопия, жанаспайтын тонометрия, ЭКГ, ЭХОКГ зерттеулері жүргізіледі.
- Қазіргі уақытта жылжымалы медициналық кешен 300 000 халыққа қызмет көрсетті. Оның ішінде диагностика мақсатында аспаптық зерттеулер - 66500, зертханалық зерттеулер - 28500, мамандардың кеңестері 205000 құрады. 2022 жылдың 3 айында 11 елді мекенге барып, ересектер мен балаларға 36732 медициналық қызмет көрсетілді. Мектеп жасындағы 25000 балаға профилактикалық тексеру жүргізілді. Қарау және тексеру нәтижесінде 810 ауру анықталып, барлығы диспансрелік есепке алынды, - деді Жанар Досжанова.