Егер мұнайлы өңірдің түлектері таңдайтын №1 мамандық «мұнай-газ саласы» деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Бұл мамандық, тіпті, алғашқы ондыққа да кірмейді екен.
JОО.kz онлайн-платформасында сынақ тестілеуде жинаған баллдың грантқа жетер-жетпесін анықтайтын функция бар. Түлектер өз баллын сол сервиске енгізіп, грантқа түсу мүмкіндігін бағалап көре алады. Осы қызметтің көмегімен өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға шолу жасадық.
1. «Ақпараттық технологиялар».
Сонымен, тізімнің көш басында «Ақпараттық технологиялар» мамандығы тұр. Бағдарламалаушы болуды армандайтын ақтаулық түлектер 3,5 мың рет осы мамандық бойынша грантқа түсу мүмкіндігін есептеген.
2. «Педагогика және психология».
Екінші орынға «Педагогика және психология» мамандығы жайғасқан. «Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық» деген шешім қабылдаған оқушылар 3 268 рет осы кәсіпке іздеу салған екен.
3. «Шет тілі мұғалімі».
Алғашқы үштікті «Шет тілі мұғалімі» болуды таңдағандар қорытындылайды. Жаһандану дәуірінде шет тілін білетіндер шетте қалмайтынын түсінетін болашақ ұстаздар өз таңдауы бойынша 3 232 рет сұрау салған.
4. «Математика мұғалімі»
«Ғылымдардың патшасы – математика» әлеміне барлауды көздеген ақтаулықтар 3 123 рет өз балы мен грант балын салыстырып көрген.
5. «Қаржы, экономика,банк және сақтандандыру саласы»
Нарық заманында «дебет» пен «кредитті» шатастырмай, ақшаның есебін білгісі келетін ақтаулықтар да көп екен. 2 900 талапкер осы мамандық бойынша грант балын есептеген.
6. «Менеджмент және басқару»
Басқару мен ұйымдастыруға бейімі бар ақтаулықтар 2 700 рет аталмыш мамандық бойынша грант іздеген.
7. «Жалпы медицина»
Гиппократтың антын қабылдап, адам өмірі үшін күресуді өмірлік кәсіп еткісі келетін ақтаулық түлектер 2 486 рет «Медицина» мамандығы бойынша грант жеңу мүмкіндігіне болжам жасапты.
8. «Құқық»
Ата заңды бұлжытпай орындап, құқықтық салада өз орнын тапқысы келетін келешек заңгерлер 2 260 рет аталмыш мамандығы бойынша оқуға түсу ықтималдығын анықтауға тырысқан.
9. «Психология»
«Заманына қарай –адамы». Халықтың жаппай «психология мен жантану әлеміне» деген қызығушылығы ақтаулықтарды да айналып өтпепті. Сұранысқа ие мамандықты түлектер 2 239 рет іздеп көрген.
10. «Дене шынықтыру пәні мұғалімі»
Болашақ ұрпақтың сау-саламатты әрі сымбатты боп өсуіне үлес қосқысы келетін түлектер 2 212 рет осы мамандық бойынша грант іздеген.
Ал, сіз бен біз күткен «Мұнай-газ саласы» тізімнің 12-ші жолағынан орын алыпты. Мұнайшы болып, туған өңірдің дамуына үлес қосуға 2 189 түлек бел буған.
Айта кетейік, 8 мамыр күні «Хан Шахар» мейрамханасында мамандық таңдау, ЖОО-лар және ҰБТ туралы жан-жақты ақпарат беру мақсатында жиын өтеді.
Жиынға ҰБТ-ға дайындау саласындағы мамандар, профориентологтар, беделді республикалық жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысады.
Жас түлектермен кездесу сағат 13.00-де өтеді.