Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының VII сайланған мәслихатының екінші сессиясына қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев бюджет параметрлерін нақтылау бойынша ұсыныстар енгізу туралы және аймақтағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу бойынша баяндама жасады.
2021 жылға жалпы облыс бюджеті 236,1 млрд теңге көлемінде бекітілді, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер көлемі 65,9 млрд теңге. Осы қаржыдан бірінші кезекте «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында жасақталған республикалық және облыстық Жол карталарында белгіленген шараларға жұмсалады.
«Балаларға үздік білім беру» бағытында мектепке жаңарту жүргізу және сол мектептерде физика, химия, биология пәндері кабинеттерін ашу көзделген. Біздің облыс бойынша барлығы 22 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын және пәндік кабинеттер ашуға да биыл қазынадан қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар, республикалық Жол картасының «Жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету» бағыты бойынша 46 жұмыссыз жас жұмысқа орналастырылады және 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақысы субсидияланатын болады. Бизнес бастау, экологиялық ахуалды жақсарту, Маңғыстау ауданы мен Ақтау қаласы үшін қоқыс контейнерлерін сатып алуға, көп қабатты үйлердегі лифттерді кезең-кезеңімен жаңартуға қаржы бөлу ұсынылады. Сондай-ақ, Жергілікті полиция қызметкерлерін қажетті мобилді құралдармен жарақтандыруға және Ақтау қаласында 600 бейнекамера орнату жоспарланды.
Мәслихат отырысында жол картасынан бөлек, жергілікті бюджеттің кезек күттірмейтін шығыстарын қаржыландыруға қосымша қаражат бөлу ұсынылды. Атап айтқанда, "Шығыс-1" мектебінің құрылысын аяқтау, Ақтау қалаішілік автобустарда азаматтардың жекелеген санаттарының жол жүру төлемін субсидиялау, шағынаудандар ішіндегі жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру. Мәслихат депутаттары биылға жоспарланған бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстарды бірауыздан қолдады.
Сессия барысында депутаттар тарапынан қосымша қаржылардыру мүмкіндігін қарастыру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.
1. Маңғыстау облыстық ауруханасына көпбейінді кереует және Қарақия аудандық ауруханасына мамография аппаратын алу. Ұсыныс денсаулық сақтау басқармасымен жалпы сипаттағы трансферлер есебінен шешілетін болды.
2. Бекі ауылына мектеп салу және осы ауылды сумен қамту. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуы бойынша ауылға мектеп құрылысы 2023 жылы салыну қажет болған. Алайда, ол жұмыстар 2022 жылға ығыстырылды. Ал, су мәселесі бойынша осы жылы Басқұдық және Бекі ауылдарын сумен қамту жобасы басталды.
3. Мұнайлы ауданындағы ауыз су тапшылығын шешу. «Бұл мәселе бойынша «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттылығын 24 мың текше метрге дейін ұлғайту мақсатында арнайы мембрамалар сатып алынды. Баянды ауылында тәулігіне 1 мың текше метр қондырғысы орнатылып, қолданысқа берілді және арнайы ауыз су таситын 20 автокөлік сатып алынады»,- деді А.Меңдібаев.
4. Баянды ауылында қатты қалдықтар полигоны құрылысын аяқтау. Жобаға қосымша қаржы бөлініп, құрылысын аяқтау жоспарлануда.
С. Трұмов депутаттар жолдаған ұсыныстардың өте орынды екенін айтты. «Қазына қаржысын қажет ететін әр жоба қоғам өкілдерімен талқылану керек, бірлесіп қабылданған шешім тиімді іске асады», - деді облыс әкімі.