Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша облыстың негізгі макрокөрсеткіштері оң динамика көрсетті. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова аппараттық жиында мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атап айтқанда:
Өңдеу өнеркәсібі көлемінің нақты көлем индексі – 101,5%;
Негізгі капиталға инвестицияның нақты көлем индексі – 105,0%;
Ауыл шаруашылығы көлемінің нақты көлем индексі – 100,7%;
Құрылыс жұмыстары көлемінің нақты көлем индексі – 102,6%;
Тұрғын-үйді іске қосу қарқыны – 106,7%;
Өңірде қаңтар-мамыр аралығында барлығы 14 586 жұмыс орны құрылды, оның ішінде 9 795-і немесе 67,1% тұрақты жұмыс орындары. Мұнай саласында 5 айда өнеркәсіптік өнімнің нақты көлемі 95% құрайды деп жоспарланып тұр.
Аппараттық жиында инвестиция тарту және инвестициялық жобалардың іске асыру барысы туралы айтқан В. Мұстапаева осы жылдың 4 айында жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесінде, инвестиция көлемі 18,8%-ға артып, 166,5 млрд. теңгені құраған. Мамыр айының қорытындысы бойынша да оң көрсеткіш күтілуде.
Облыс әкімі С.Трұмов экономиканың негізгі көрсеткіштерін одан да жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін облыста мүмкіндіктердің көп екенін алға тартты.
«Экономика басқармасы сіздерге жүйелі әрі жоспарлы жұмыс ұйымдастыру керек. Басқармаларға қай бағытты күшейту керектігін айтып, өзара ақылдасып отырсаңыздар бұдан да жақсы көрсеткішке қол жеткізер едік», - деді С.Трұмов
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбеков аймақта балық шаруашылығы саласында іске асырылатын жобалардың барысы туралы баяндама жасады.
Өңірде балық шаруашылығын дамытуға басымдылық беріліп отыр. Биыл осы мақсатта арнайы бағдарлама да қабылданды. Бағдарламаға сәйкес облыста 2030 жылға қарай 100 мың тонна балық өсіріп шығару жоспарланып отыр. Бүгінде аймақта бекіре тұқымдас балық шаруашылығымен айналысатын екі кәсіпорын бар. Біріншісі, «Казах Осетр» ғылыми өндірістік кәсіпорны». Мекемеде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын қызметін бастағалы бері 40 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық өндірілген. Оның 8 тоннасы экспортталды. Бағдарламаға сәйкес, 2024 жылға қарай мекеменің өндіріс көлемін екі есеге, яғни 60 тоннаға дейін көтеру жоспарланып отыр.
Екіншісі жоба бекіре балықтарын өсіретін «Каспиан Ривьера» ЖШС-і. Онда 20 адам тұрақты қызмет етеді. Кәсіпорында 2030 жылға дейін 23 тоннаға дейін балық өсіру жоспарлануда. Сонымен қатар, мекеме «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында, құны – 20 млрд теңгенің тауарлы бекіре балығын өндіретін ауқымды кешен салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда көлемі – 400 тонна тауарлы балық және 50 тонна ас уылдырығы өндірілмек.
Жиын соңында аймақ басшысы кенжелеп қалған балық шаруашылығын дамыту керегін айтты. Әкімдік тарапынан осы кәсіппен айналысқысы келетін кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.