Әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау аудандық сотында Б.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК 73-3- бабы 3 бөлігімен (жала жабу) әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, Б. 25 наурыз күні «Маңғыстау ауданының әкімдігі» атты Фейсбук парақшада аудан әкімі Т.Кошмаганбетов пен Шетпе ауылының әкімі А.Жанбуршиевті сыбайлас жемқорлық жасады деп негізсіз ақпарат жариялаған.
Сотта жәбірленушілер Б-ның қоғамдық ортада дәлелсіз, жалған ақпарат жариялап, өздерінің іскерлік беделіне, ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіргенін айтты. Б. әлеуметтік желіде жазғандарын мойындап, кешірім сұрап, соттан жеңіл жаза қолдануды сұрады.
Аталған құқықбұзушылық бойынша екі жаза қарастырылған:
- не 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салу (583 400 тг);
- не 25 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу.
Сот істі қарау барысында Б-ның әлеуметтік желідегі жарияланымы негізсіз және дәлелденбеген, ал аталған азаматтарға қатысты жемқорлық көріністеріне сай нақты факті болмауына байланысты, сот Б-ны кінәлі деп танып, 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы шығарды. Сот жаза тағайындауда құқық бұзушының жұмыссыз екенін ескерді. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.