Бүгін облыстық ХҚКО қызметкері естен танып қалған ер адамға алғашқы көмек көрсетіп, құтқарып қалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға куәсі болған тұрғынның айтуынша, алдымен ер адамның дауысы қатты шығып, назарды аудартқан.
«Бұрылып қарасам ер адам жерде есінен танып, қан құсып жатыр екен. Дереу жедел жәрдем шақырылды. Адамдарды алшақтатып, ХҚКО қызметкері алғашқы көмек көрсетті», - дейді оқиға куәгері.
Алғашқы көмек көрсеткен қызметкердің аты-жөні – Азамат Айтенов. Ол мұндай жағдаймен бірінші рет емес, бірнеше рет бетпе-бет келген.
Халыққа қызмет көрсету орталығы баспасөз қызметінің айтуынша, Азамат Отан алдындағы борышын орындап келген. Әскери қатарда қызмет еткен соң алғашқы көмек көрсету жұмыстарын жақсы біледі.
«Орталық қызметкерлеріне әрдайым қауіпсіздік шараларын сақтау, жедел көмек көрсету бойынша сабақтар үздіксіз жүргізіліп отырады. Соның нәтижесінде, бүгін ер адамды ауыр жағдайдан арашалап қалды», - дейді облыстық ХҚКО баспасөз қызметі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА