Жыл сайын көктем уақытында қыс мезгілінен кейін жолдарды сақтау үшін бір осьтік жүктемесі 8 тоннадан асатын көліктердің жүруіне уақытша шектеу енгізілді. Бұл ережелер бірінші наурыздан бастап 7 облыстағы тас жолдарда қолданылып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ИИДМ Көлік комитетіне сілтеме жасап.
«Бесінші жол-климаттық деп аталатын аймаққа» Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған ауданы), Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары кіріп отыр. Мұндағы уақытша шектеу 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында сақталмақ.
Шектеу төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралармен айналысатын, жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түлік, жолаушылар, жолжүк, дәрі-дәрмек тасымалдайтын, сондай-ақ, жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын көлік құралдарына қолданылмайды.
23 наурыздан 1 мамырға дейін аталған шектеулер Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды облысы), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында енгізілмек.