Маңғыстау облысында алдағы мереке күндері мониторинг тобының жұмысы күшейеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев айтты.
Оның айтуынша, демалыс және мейрам күндері өңірдегі барлық кәсіпкерлік нысандар, көңіл-көтеру ғимараттары тиісті мамандардың қатаң бақылауында болады. Рейдтер уақытылы жүргізіледі.
«Ресторанда, кафелерде бүгінгі таңда 50 адамға дейін ғана отырғызуға рұқсат бар. Сондай-ақ, санитарлық ережелерді, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет. Алайда онда корпоратив, басқа да мерекелік басқосулар, отбасылық жиындар ұйымдастыруға тыйым салынған», - деді Ғазиз Надуев.