Облыста жыл басталғалы 44 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттен 5 адам құтқарылса, 168 адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар аталған өрттен 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған. 2020 жылмен салыстырғанда өрт оқиғасының 4%-ға артқаны байқалады.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұхановтың айтуынша, өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында тіркеледі. Биыл тұрғын үйде 17 оқиға болса, автокөлікте 15 оқиға тіркелген. Сондай-ақ улы газдан уланған 2 адам қаза тапқан, 2 адам жарақат алған.
«Жылыту маусымына дайындық кезеңінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік осал топтағы 3 мыңнан астам үйді есепке алды. Тиісті мамандар үйлерді аралап, рейд жүргізді. Тексеріс нәтижесінде 625 үйде 749 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталып, сол жерде жойылды», - деді Мұрат Мұханов.