Қарақияда №1орта мектебінде "Ақын аға, ұстаз аға, ер аға" атауымен шығармашылық мерейтой аталып өтті.
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын әрі ұлағатты ұстаз Сәдуақас Абдынасырұлы 60 жасқа толып отыр. Шара аясында ақынның «Қаламы жүйрік ақын, ұлағатты ұстаз» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылыпты.
Қаламгердің 60 жылдық мерейтойына арналған кешті ұстаз Меруерт Арынова жүргізді. Ең алдымен жиналғандардың назарына Сәдуақас ағаның өмірінен сыр шертетін бейнебаян ұсынылды.
Шараға мектеп директоры Оразбай Шатенов, қарақиялық ақын Нұртай Қонайұлы мен "Қарақия" газетінің тілшісі Фариза Хайдар және мектеп ұжымы қатысты.
"Бүгінгі таңда ұлағатты ұстаз жинаған бар тәжірибесі мен білімін жастарға арнап білім ордасында еңбек етіп жүр. Ол кеудесіндегі жүрек жылуын, мейірім шуағы мен адамгершілік ұлылығын келешек ұрпақтың бойына дарытып, әр шәкіртке әкесіндей тәрбие беріп келе жатқан ұстаз және Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат саласын дамытуда ерен еңбек еткен, білікті жан. Біз ақындарымызды әрдайым құрметтейміз. Сіз шыншыл, шынайы ақынсыз, өз еліңіздің патриотысыз.Біз сізбен мақтанамыз,- деген мектеп басшысы Оразбай Бердіханұлы, өз қолымен ақынның тұлғасын суреттеген портретін табыс етіп, ақынның иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, ақынның рухани шындықты жырлаған жампоз екендігін ерекше атап өтіп, мерейтой иесіне аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Бекқалина атынан құттықтау адресаттары табысталды.
Бұдан кейін Нұртай Қонайұлы сөз алып, мерейтой иесінің өмірінен бір үзік сыр шертіп, игі лебізін арнады. Мектептің мұрындық болуымен өткен атпал азаматтың мерейтойы жоғары дәрежеде аталып өтті. Шара барасында ақындық әлемге енді аяқ басқан оқушылар жалынды жырларын арнап, ақынның еліне еткен еңбегі мен өміршең шығармалары жөнінде әңгімелеп, жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан кейін кеш иесі сөз алып, мектеп башысына шексіз алғысын айтып,көрсеткен құрметіне ризашылығын жеткізді. Оқушылар мен ұстаздар өз өнерлерін көрсетіп, ақын сөздеріне жазылған әндер де орындалды.
Уақыт пен заманның тынысын тап басып танушылық,адам танығыштық, зерделегіштік, асқан байқампаздық, айрықша сезімталдық,терең білім, мол тәжірибе...
Мұның барлығы — Сәдуақас ағаның бойынан табылатын ерекше қасиеттер. Бұл кеш өзіндік ерекшеліктерімен есте қалады дей отырып, Сәдуақас Абдынасырұлына ұзақ ғұмыр,жеңісті еңбек және шығармашылық табыс тілейміз.
Фариза Хайдарова