© Сайт архивінен
Сенек ауылы колхоз болып 1969 жылы құрылып, 2019 жылы 50 жылдығын тойлады. Алайда, «Сенектің тарихы тым әріден басталады» дейді ауылдың байырғы тұрғыны, ардагер ұстаз, ақын Бесінбай Бегенішұлы. Айтуынша, Түбек тұрғындарының бірсыпырасы балық шаруашылығымен айналысқанымен, дені мал бақты. Сенек ол кезде Үстірттегі малшылардың «отгонный участогі» яғни қырдағы қонысы болды. Мұнда малшылардың жағдайын білу үшін, орталықтан хабарласатын рация болды. Ауыл қырдағы орталық болғанға дейін, тіпті ертеректе бұл жерде оншақты үй, мешіт, медресе де болған, сол құмдағы мешіттің тамы Сенекте әлі күнге дейін бар. Кейін Үстірттегі малшылардың балаларын оқытатын мектеп, интернат, 35 төсекті дәрігерлік амбулатория салынды. Ағаш үй сияқты дөңгеленген там болды. Оны «Ақ отау» деп атайтынбыз. Ол жерде тұрғын үй болды, пошта сонда болды. Алғаш балшық илеп, тас қалап, мектеп, амбулатория салғандардың шебері Есентемір Дүтбай деген кісінің айтуынша, оны осы ауыл тұрғындары, біздің ата-аналарымыз там соғыпты. Біз ол кезде кішкентай баламыз.
Сенек мектебі алғашқы рет 1943 жылы ашылған. Алғашқы ұстазы соғыстан жараланып келген Жұмабай Ақбердіұлы деген азамат болған. Мектеп үшін бұрыннан салынған шағын мешіт үйін пайдаланған. Бір мұғалім 1-3 және 2-4 сынып оқушыларын біріктіріп оқытқан. Кейіннен жергілікті шеберлер балшықтан кірпіш жасап, содан мектеп үйін тұрғызған. Біздер сол кірпіштен салынған үйде оқыдық.
Соғыстан кейінгі жылдары қай жерде де жағдай оңып тұрған жоқ еді.
Интернатта тұратын балалардың жағдайы өте төмен.Тамақ та жоқтың қасы, малдың өнімі де жеткіліксіз. Аштықтан, аурудан бала өлген кездер де болды.
Жаз шыққанда құм жағалап көмелек, мондалақ, көсік, жаужұмыр теріп жеп, күнелтеді.
Сол кездегі балалар қанша ауыр жағдайда өмір сүрсе де, сабаққа ынталы, төзімді еді.
Оқу құралдары жетіспейді. Жазу жазғанда күйген ағашты, газеттерді, заттарды орайтын сары қағаздарды пайдаландық.
Құмдағы селеулерді теріп әкеліп, жастық, матрацтарымызға салатынбыз. Бір кереуетке бірнеше бала қойындасып жататынбыз. Үстірттегі малшылардың балалары ат, түйемен бір ауылға жинақталып, ересек балалар бастап ат, түйемен, жаяу-жалпы Сенекке оқуға келетінбіз. Келгеннен кейін мініп келген түйелерімізді кезекпен бағып, елден адам келгеннен кейін беріп жіберетінбіз. Осындай қиындыққа қарамастан білім алуға деген құштарлығымыз ерекше жоғары болды. Сол кезеңдегі ел басына түскен қиын жағдайға, жердің шалғайлығына байланысты мектепте оқитын балалардың жасы да ересек болды. Бір сыныпта әр жастағы балалар оқи беретін.
Бұл 1950 жылдары болуы керек, әлі есімде. Мектеп ашылды деп облыстың оқу бөлімінің бастығы Қатира Дүтбаева (Қатира - жазушы Берік Қорқытовтың әйелі) келді.
Сондай келісті, әдемі әйел екен, келіп жағдайымызбен танысты. 1952 жылы қазан айында сабақ жүріп жатқан кезде мектебіміздің жарты бөлігі құлап қалды. Абырой болғанда балалар да, ұстаздар да аман-сау болды. Содан 5-6-7 сынып оқушыларын Форт-Шевченко қаласындағы интернатқа алып барып оқытып, бастауыш сынып оқушыларын мектептің құламай қалған бөлігінде оқытуды жалғастырды. Мен 8 сыныпты Форттан оқыдым. Келесі жылы Сенекте таудың жарқабақ тастарынан салынған жаңа мектепте оқуды жалғастырдық. Міне, балалық, жастық кезіміздегі осындай қиыншылықтар біздерді шыңдап, азамат болуымызға ықпал етті.
- Маңғыстаудың жер-су атаулары аңыздармен астасып жатады ғой. Сенек сөзінің мағынасы қандай? Жалпы бұл атау қашаннан бері бар?
- Елі ішінде аңыз көп. Сол аңыздың астарынан да ақиқаттың бір ұшығын іздейміз. Ілгерідегі шалдардың айтуынша, Асан қайғы бабамыз Маңғыстаудың жеріне үш рет келіп, үш рет кеткен деседі.
Абыз ата осында қоныстанып, сосын Ауған жеріне кеткен.
Қарақияға қарасты Қайғылы-Бабахан деген жер бар.
Сол Қайғылы сөзі Асан қайғы болса, Бабахан - оның әйелі. Жер атауы содан қалған деседі.
Ал, Сенек деген сөз де тым әріден басталған болуы керек. Әйтсе де ел ішінде бірнеше нұсқасы айтылады.
Оның бірінші нұсқасы - түрікменнің «Сенээк» сөзі қазақша «шыбынды» деген мағынаны білдіреді. Сенекке жазда келсеңіз, расында шыбын көп болады. Бұл - бір.
Екіншіден «сенека» – коридор мағынасында. Ауылдың бір жағы - шағыл тау, екінші жағы - құм төбе, ортасы «коридор» (дәліз) сияқты.
Үшінші нұсқа - егін егу, «сен ек, мен ек» дегендей...
Бұл жер негізінен алғаш Жаманадайлардың қонысы болған екен. Осыдан оншақты жыл бұрын Ө.Озғанбаевтың баласы келіп, құмдағы мешіт орнына барып, материал жинақтап жүрді. Сенектегі құмдағы ескі мешіт үйі 1900 жылдары болғанын көзбен көрген адамдар қазір өмірден өтіп кетті. Біз соны өз құлағымызбен естідік. Ертеде ишан, ахундар бала оқытқан екен. Сенек атауының, ел жайлап, қоныстануының тарихы арыдан басталады. Ал 1969 жылы совхоз құрылғаннан бастап іргесін кеңге жайып, міне, өркениетті ауыл болғанына 52 жыл болып отыр.
Әңгімелескен Шынар КЕНДІН