Бейнеу және Маңғыстау аудандарының аумағында орналасқан Тепке учаскесінен ТЗ-бірінші барлау ұңғымасынан мұнай бұрқағы атқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алынған сынамалардың қорытындысы бойынша мұнай сапасы өте жоғары, жеңіл, күкірті жоқ. Мұндай жаңалықты Меридиан Петролеум компаниясының президенті Б. Қуандықов облыс әкімі С.Трұмовқа жеткізген болатын.
Оның айтуынша Тепкедегі кенорны – еліміз тәуелсіздігін алғалы 30 жылда Маңғыстау облысында ашылған алғашқы ең ірі кен орны болмақ.
«2018 жылы басталған геологиялық барлау жұмысы нәтижесін берді. Алынған мұнайдың қысымы, дебиті, газдық факторы және басқа да параметрлер бойынша ірі кен орны болады деп жоспарлап отырмыз. Қазір кен орнындағы мұнай қорын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа кен орынның айналасында «Қарақұдық», «Арыстан» және «Комсомольское» кен орындары орналасқан», - деді Меридиан Петролеум компаниясының президенті Б. Қуандықов.
Жаңа кен орнына аты аңызға айналған геолог-барлаушы, Маңғыстаудағы барлық кенорнын ашуға атсалысқан Халел Өзбекқалиевтың есімі берілді.
Облыс әкімі С.Трұмов аталған мұнай кен орнының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кең серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашылатынын айтты. Ел игілігі үшін жасалып жатқан жаңа бастамаға сәттілік тіледі.