Мұнайлы ауданындағы базарлар мен жәрмеңкелердің иелері бизнеске тосқауыл қойылмауын талап етеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнайлыда Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі жиын өткізді. Осы мәселе Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Рашит Мұстапаев пен аудан әкімі Рахат Елтизаровтың қатысуымен өткен басқосуда талқыланды.
Мұнайлы ауданында төтенше жағдайға дейін Қызылтөбе ауылдық округінде «Алтын орда», Қызылтөбе-2 ауылдық округінде, Маңғыстау ауылында «Салтанат», «Жібек жолы» сауда үйлері, Дәулет, Баянды, Батыр ауылдарында жәрмеңке жұмыс істеп тұрған. Сонымен қатар, Атамекен ауылдық округінде базар, Маңғыстау ауылында «АС-ДА» базары, Маңғыстау ауылында «Орталық базар» ашылған еді.
2020 жылдың 16 наурызында елімізде коронавирус індетіне байланысты Төтенше жағдай енгізілгеннен соң, барлық жәрмеңке мен базар жұмысын тоқтату бойынша қаулы шықты. COVID-19 таралуының алдын алу мақсатында сауда орындарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Алайда кәсіпкерлер наразылық тудырған соң жергілікті әкімдіктің шешімімен тұрғындардың денсаулығын қорғау және қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында сауда тек санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай деп танылған Мұнайлы аудандық орталық базарда ұйымдастырылды. Сөйтіп онда санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарын сақтай отырып, былтыр 29 наурызда жұмысын бастады.
Карантин режимі мен шектеу шаралары 11 мамырдан 25 мамырға дейін ұзартылып, «Салтанат» базарына, «Жібек жолы» сауда үйіне, «Алтын Орда», Қызылтөбе-2 , Дәулеттегі базарға жұмыс бастауға рұқсат берілді. Бірақ бұрын аталған жәрмеңкелерде жұмыс істеген саудагерлер Орталық базарға жайғасқан соң, жәрмеңкелерге шықпай, аталған базарда саудасын жалғастырып жатыр. Осы орайда жәрмеңке иелері бұрынғы клиенттердің қайта келуіне көмектесуді сұрады.
Базарды ашқан жолдасым еді. Үйімізді сатып, банктен несие алып кәсіп бастағанбыз. Карантин кезде, төтенше жағдай уақытында ортақ талапқа бағындық, түсіндік. Одан кейінгі кедергілерді түсінбейміз. Жергілікті әкімдік өкілдері полициямен келіп, қайта-қайта сатушыларды қуады. Орталық базарға уақытша барады деген саудагерлерімізді, кері жібермей отыр. Орныңды бермейміз, екі ортада жүргізбейміз деп кедергі келтіріп отыр. Сонда орталық базардың ісін жүргізу үшін біз сияқты 7 базар мен жәрмеңкенің саудагерлерін алдап апарды деп түсініп отырмыз. Енді базарымыз бос тұр, сатушы жоқ. Алып кетіп, күштеп ұстап отырған саудагерлерімізді кері ауылдарымызға жіберуін талап етеміз, - дейді кәсіпкер Жанымай Базарбаева.
Іскерлердің айтуынша, шағын ауылдардағы базарлар мен жәрмеңкелерге саудагер мен халықты жинау оңайға соқпаған. Табаны тозып көше-көшені аралап, дыбыс зорайтқыш қондырғымен үгіт-насихат жасап, тегін орын бөліп, сауда жасауға жағдай жасап, бар күшін салған. Орталықтан шалғай жатқан ауыл тұрғындары сабылып орталық базарға баруға мәжбүр. Әрі кәсіп күйреді, әрі халық қиналды деп шырылдайды олар.
Мұнайлы ауданы әкімдігі бұл мәселені оң шешуі тиіс. Орталық базарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, саудагерлерді ауыл-ауылға, жәрмеңкелерге кері қайтаруды айқай-шусыз шешуі қажет. Өйткені орталық базар қожайынының іші майлы. Пандемия салқыны тиген жоқ, керісінше 150 кәсіпкерді қиналмай жинап алды. Ал, шағын жәрмеңкелер мен базарларды тоқыратуға болмайды. Олардың да несиесі, нысанды сақтап қалатын төлемдері бар. Жағдайды тең қарап, шешуге шақырамын, - деді жиынды қорытындылаған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев.