Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы «Маңғыстау облысындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасын қорытындылады. 10 жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» грантын иеленіп, бастамаларын жүзеге асырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жоба ҚР ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінің қолдауымен Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен өткен. 30-дан астам түрлі жоба келіп түскен, соның ішінде он жобаға 500 мың теңгеден грант берілген.
«Жобаның мақсаты – әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы ауылдық ҮЕҰ мен бастамашыл топтардың әлеуметтік саладағы жұмыс істеу дағдыларын арттыру, тұрақтылықты қамтамасыз ету. Осы мақсатта ауыл-аймақтағы әлеуметтік мәселелерге бағытталған бастамаларды анықтадық. Ең үздік деп танылған жобаның әрі қарай орындалуына мүмкіндік бердік. Соның нәтижесінде балалар ойын алаңы салынды, дыбыстық бағдаршам орнатылды, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлінді, көпбалалы аналар тігін үйренді, ұлттық ойындар насихатталды. Яғни бастаманы орындау барысында ауылдық ҮЕҰ жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеді, қарсы келген қиындықтарға төтеп берді», - дейді Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсының ЗТБ Президенті Жібек Ахметова.
Жоба барысында Мұнайлы ауданына адам көп жүретін жерлерге үш дыбыстық бағдаршам орнатылды. Мұнайлы аудандық «Зағиптар қоғамының» кординаторы Қарлығаш Қалдыбайдың айтуынша, әзірге ауданда зағип жандарға жағдай жасалмаған. Олардың еркін жүруіне мүмкіндіктер қарастырылмаған. Сол себепті ауданға дыбыстық бағдаршамдар орнатуды жоспарлаған. Бұл өз кезегінде зағип жандардың жолдан өтуіне мүмкіндік береді.
«Жобаны орындау барысында қажетті құрылғыларды сатып алу қиындық туғызды. Шетелден іздедік, оның елдегі филиалын тауып қажетті аппаратты алдық. Алғаннан кейін жергілікті әкімдікпен келісіп, бағдаршам орнататын жерді анықтадық. Бағдаршамды орнататын тиісті мамандар бұл жұмыстан бас тартқан соң, өзіміз адам іздегеніміз сәл қиындау болды. Десе де әкімшілік бұрылысына, Атамекен ауылдағы мектеп жанына және «Маңғыстау – 4» жолына бағдаршам орнаттық. Бұл тек зағиптарға ғана емес, мектеп жасындағы балаларға да көмек болады деген ниеттемін. Енді билік өкілдеріне айтарым, дыбыстық бағдаршамның толықтай жұмыс істеуін қадағалап жүрсеңіздер жақсы болар еді», - дейді Қарлығаш Қалдыбай.
Сонымен қатар өзге де қатысушылар әлеуметтік мәселелерді шешуге, жаңа бастамаларды іске асыруға, мүмкіндіктер беруге бағытталған жобаларға қолдау беретін шаралардың тағы да ұйымдастырылуы үшін өзінің ұсыныс, пікірлерін айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН