Жақында маңғыстаулық жүкті әйелдің туыстары облыстық перинаталдық орталықта орын тапшы екенін айтып, аяғы ауыр аналардың дәлізде жатқанын жеткізген болатын. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ресми жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында жүкті әйелдердің дәлізде жатқан жағдайы болды. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Дегенмен аяғы ауыр аналардың мәселесі дереу шешіледі. Соңғы екі күнде «Ана мен бала» орталығының жүкті әйелдерге арналған патология бөлімшесіне 39 әйел түскен», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, облыстық перинаталдық орталықтың сыйымдылығы 250 төсек. Қазір медициналық мекемеде 277 әйел жатыр. Олардың дені шалғай аудандардан келген және дерті асқынуы ықтимал тәуекел топқа жататын келіншектер.
Бұдан бөлек коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті және босанған 13 әйел бөлек изолятор бөлімшесінде жатыр.
Қазіргі уақытта барлық пациенттер палаталарға орналасқан. Қазіргі таңда дәлізде жатқан жүкті әйелдер жоқ. Осылайша уақытша қиындық шешілді.
Ал ақ халаттылар тарапынан жүкті келіншектің туысқан апасына дауыс көтеріп, қысым көрсетті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Болған жағдайға байланысты жүкті әйелдердің басым бөлігі түсіністік танытып отыр.